Татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысы

0 5

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірлік ҚХА кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. 

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ҚХА-ның конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган екенін атап өтіп, Ассамблеяның игілікті істеріне тоқталды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін мақсат-міндеттерді көпшілікке таныстырды.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналды. 30 жылдық кезеңде қоғамдық келісім нығайып, ұлттық бірлік пен ынтымақтастық тереңдеп, бейбітшілік салтанат құрды. Бұл жетістіктер – әрбір қазақстандықтың, әрбір ұлт өкілінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ассамблея – біздің мақтанышымыз, ал оның болашағы бірлік пен үміттерге толы! – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан соң ҚР Президентінің кеңесшісі қатысушыларды Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

 – ҚХА-ның 30 жылдық белесі бізге өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағамдауға мүмкіндік береді. Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігі мен келісімінің жемісі. Жамбыл облысы – этнос өкілдері көп шоғырланған аймақ. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің береке мен бірлікті сақтау жолындағы еселі еңбегі зор. Біздің күшіміз – бірлікте! Еліміздің бірқатар аймағын су басқанда, жамбылдықтар алғашқылардың бірі болып, зардап шеккен ағайынға қол ұшын созды. Мемлекет басшысы үшін «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымы әрқашан өзекті. Бүгінде Жамбыл жері жайқалып келеді», – деді Мәлік Отарбаев.

Кеңейтілген кеңесте өңірлік ҚХА мүшелері ұсыныс-пікірлерін, орамды ойларын ортаға салды. «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар жамбылдықтардың ынтымағы мен бірлігін арттыра түсуге септігін тигізгенін атап өтті. «Жомарт жан» орталығының төрағасы, облыстық  мәслихаттың депутаты, Жалил Аббосов Ассамблея мен қайырымдылықтың егіз ұғым екенін айта келе, атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Басқосуда Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өңірдің өркендеуіне және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медаль табысталды.