Егер қаржылық қиындықтарға тап болып, несиені уақытында төлей алмасаңыз, қарыз жүктемесін уақытша жеңілдетудің жолы бар. Мұндай жағдайда банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгініп, төлем мерзімін кейінге шегеру рәсімін қолдануға болады. Бұл шара несие төлемін кейінге қалдыруға мүмкіндік береді, бірақ қарызды толықтай кешіруді білдірмейді. Кейін банк несие мерзімін ұзартуы немесе ай сайынғы төлем мөлшерін арттыруы мүмкін. Егер кейінге шегеру рәсімі ресми түрде бекітілсе және барлық талаптар орындалса, бұл несие тарихына кері әсер етпейді.
Төлем мерзімін кейінге шегеру кімдерге беріледі?
Банктер әр өтінішті жеке қарастырады. Әдетте, келесі жағдайларда оң шешім қабылдануы мүмкін:
- Денсаулыққа байланысты еңбекке жарамсыздық;
- Жұмыстан қысқару немесе жалақының төмендеуі;
- Отбасы мүшелерінің санының артуы (мысалы, бала туу);
- Форс-мажорлық жағдайлар (өрт, су тасқыны және тағы басқа).
2024 жылдан бастап мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға несие бойынша төлемді кейінге шегеру автоматты түрде беріледі, яғни өтініш берудің қажеті жоқ. Бұл тек қызмет мерзімін ғана емес, одан кейінгі 60 күнді де қамтиды. Осы кезеңде несиеге пайыздар мен айыппұлдар есептелмейді.
Несие төлемін кейінге шегеруді қалай рәсімдеуге болады?
- Несие берген ұйымға жүгіну
Өтінішті банкке немесе микроқаржы ұйымына кеңседе, мобильді қосымшада немесе электрондық пошта арқылы жіберуге болады. Неғұрлым ерте хабарлассаңыз, шешім қабылдау ықтималдығы соғұрлым жоғары.
- Құжаттарды дайындау
Қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттарды ұсыну қажет, мысалы:
- Жұмыстан босатылғаны немесе қысқартылғаны туралы анықтама;
- Медициналық анықтамалар;
- Жалақының төмендегенін растайтын құжаттар;
- Бала туу туралы куәлік.
- Банктің шешімін күту
Банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Нәтижесінде:
- Төлем мерзімін кейінге шегеру мақұлдануы мүмкін;
- Бас тартылуы мүмкін (себебі көрсетіледі);
- Басқа нұсқа ұсынылуы мүмкін (қайта құрылымдау, пайыздық мөлшерлемені төмендету және тағы басқа).
Егер банк негізсіз бас тартса, омбудсманға немесе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге болады.
Маңызды ескертулер:
- Төлем мерзімін кейінге шегеру ең көп дегенде 6 айға беріледі;
- Бұл мерзім ұзарған сайын артық төлем сомасы да артады;
- Өтінішті қарыз мерзімі өтіп кетпей тұрып беру керек.
Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда, мүмкіндігінше ертерек әрекет етіп, банкпен тікелей байланыс орнату маңызды.