Қызылорда қалдықты кәдеге жаратуда

0 7

Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы көптеген өңірде қоршаған ортаны жақсартуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін берді. Бұл бастама Қызылорданы ең таза қалалардың біріне айналдыруға ғана емес, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату арқылы табыс табуға мүмкіндік ашты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндап, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Премьер-Министр Олжас Бектенов бұл тәжірибенің тиімділігін жоғары бағалап, өзге өңірлерге де енгізуді тапсырды.

Қазір өңірде 17 кәсіпкерлік субъектісі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Жақын арада қуаттылығы жылына 500 мың тоннадан асатын 9 зауыт іске қосылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, 8 жоба «Жасыл даму» АҚ қаржыландыру механизмі арқылы жүзеге асады.

Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату бағытында бірнеше ірі жоба іске асуда. «With You E&C Kyzylorda» ЖШС оңтүстіккореялық технология бойынша қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін зауыт салады. Нәтижесінде полигонның қуаттылығы жылына 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артады. Ал, «Seven Rivers Technologies» ЖШС неміс технологиясы негізінде жылына 86 мың тонна шыны ыдыс шығаратын зауыт құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 31,3 миллиард теңге. Бұл зауытта 49 пайызға дейін шыны қалдықтары қайта қолданылып, жылына 40 мың тонна дайын өнім (143 миллион бөтелке) өндіріледі.

Сондай-ақ пластикалық өнімдерді өңдеу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. «Rem Plast Invest» ЖШС қайталама шикізаттан қағаз және картон қабаттарын шығаратын өндіріс орнын іске қосуды жоспарлауда. Оның жылдық қуаттылығы – 5,4 мың тонна. Алдағы уақытта қағаз-гигиеналық өнімдер өндірісі қолға алынбақ.

Қала әкімдігінің мәліметінше, соңғы жылдары қоқыс көлемі күрт артқан. Мысалы, 2022 жылы полигонға 56 мың тонна, 2023 жылы 73 мың тонна, ал 2024 жылы 100 мың тоннаға жуық қалдық шығарылған. Осыған байланысты Белкөлдегі қоқыс сұрыптау кешені маңынан 4 гектар жер бөлінді. Жоспар бойынша қолданыстағы полигонды инвестордың сенімгерлік басқаруына беру қарастырылып отыр.

Қызылордада жүзеге асатын ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты. Оңтүстіккореялық «With You E&C», «Shinha Pascal» және «Plex Engineering» компаниялар консорциумы қаржыландыратын бұл жобаның бірінші кезеңінің құны – 9,5 миллиард теңге. Зауыт іске қосылған кезде 122 тұрақты, ал құрылыс барысында 100 уақытша жұмыс орны ашылады. Жылдық қуаттылығы – 300 мың тонна қалдық өңдеу.

Келесі кезеңде қуаттылығы 6-20 МВт болатын қоқыс өртеу зауыты салынады. Жобаның құны шамамен 20,5 миллиард теңге. Бұл кәсіпорын аймақтың қоқыс мәселесін шешіп қана қоймай, қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл жобалар инвестициялар мен инновациялық технологиялардың көмегімен қалдықтарды тиімді кәдеге жаратуға болатынын көрсетеді. Экологиялық мәдениетті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қосымша табыс көзін қалыптастыру арқылы өңірде тұрақты дамудың берік іргетасы қаланбақ.