Іші қыз-қыз қайнаған моншаның демалыс бөлмесінде осы әлгінде ғана ыстық будан бусанып шығып, қызарған жалаңаш тәндерін бір-бір ақжаймамен орай жауып отырғандар алдарындағы стакандарға мөлтілдетіліп құйылған араққа бірден қол созбай, төрдегі шүңірек көзді, қыр мұрынды, қоп-қою қара мұрты бар сымбатты жігіт ағасына қараған.
Ол «алыңдар», не «алып қояйық» деп ишара білдірместен, мөлт-мөлт етіп шайқатылған арақты бейнебір шөлден қаталап келген адамдай, өңешіне қотара салды. Басшының төңірегіндегілерге берген әмірі осы болса керек, жағалай отырғандар жапатармағай ыдыстарына қол созысқан. Дастархан басында тарелкалар мен шанышқылар сылдырлап, қозғалыс байқалған. Тек бастық қана алдындағы аста-төк астан дәм татпады, есесіне, ыдысына шүпілдетіліп құйылған арақты тағы да шалқалай тартып, жұмылған жұдырығын тіске басар ретінде танауына тақап, мүлгіп біраз отырды.
Батыстағы ірі мұнай компанияларының бірінің басшысы, сырт көзге сыпайы көрінетін Қайыр Смағұловты бұл өңірдің адамдары көбінесе іскер басшы ретінде таниды. Жетім-жесір десе, жүрегі сыздап тұрады. Қайбір жылы күйеуі қайтыс болып, шиеттей бала-шағасымен баспанасыз қалып кеткен келіншекке өз қаражатына үш бөлмелі пәтер сатып алып берген. Рас па, әлде өтірік пе, білетіндер компания басшысы да туабітті балалар үйінде тәрбиеленген тұлдыр жетім екенін айтады.
Бойындағы жалғыз міні – ішімдікке жақындығы ғана. Өзі дүрдей компанияның бастығы бола тұра жалғыз бөлмелі пәтерде тұрады. Толқындары күркіреп жағаға ұрған теңіз жағасынан аспанмен таласқан зәулім сарай салып алса да, «әй, мынауың қалай» деп ешкім сөге қоймас еді ғой. Әйтеуір, былайғы жұрт үшін өткен өмірі жұмбақ адам. Сол себептен де болар, қабілет-қарымының арқасында үлкен компанияны басқарып отырған Қайырдың жалғызбастылығы төңірегінде өрбіп жүретін қилы-қилы әңгімелер көп. Біреулер «сүйіп қосылған адамы Қайырдың байлығы мен мансабына қарамастан, есігінің алдында жүретін аула сыпырушысымен көңіл қосып кетіп қалыпты», деседі. Ал енді біреулер ертегіге бергісіз бұл әңгімені жоққа шығарып, «жоқ, Қайыр студент кезінде медицина институтында оқитын бір сұлу бойжеткенге өлердей ғашық болған көрінеді, ал ол үйленер кезде әлгі қыз «сен менің теңім емессің» деп тастап кеткен көрінеді», дейді. Қайырдың бойдақтығына қатысты әңгімелер мен алуан түрлі жорамалдар осылай жалғаса береді. Тек жұрт аузындағы сан құбылып айтылатын хикаялардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін басшының өзінен сұрауға ешкімнің батылы жетпейді. Әрбірден соң өзге біреудің ішкі өмірінде жұрттың қандай шаруасы бар десейші.
Жігіттер жағы тағы да екіжүз грамнан тастап алып, ыстық буға кіруге жинала берген кезде басшының орынбасары Омардың:
– Жігіттер, Қайрекеңе қараңдар! – деген жан дауысы шыққан.
Жүгіріп келгендер басшыларының өңі жуған шүберектей бозарып, сол жағын ұстап, жұмсақ креслоға бір жамбастап құлай бергенін ғана көріп қалды. Көңілді топ «Жедел жәрдем» шақыртып, табан астынан әбігерге түсті. Келген дәрігер әрі бері тексеріп:
– Жағдайы қиын, инфаркт, – деді. – Шұғыл ота жасамаса болмайды.
Ауруханаға жеткізілген Қайырдың жүрек кінәраты тексерілді. Қырсыққанда облыстық ауруханада жүректің дәл осындай сырқатына ота жасайтын маман жоқ болып шықты.
– Бітелген тамыр жүректің дәл астында екен, Астанадан маман шақыртпасаңдар, менің шамам жетпейді, – деді облыстағы менмін деп жүрген кардиолог маманның өзі шарасыздықтан алақанын жайып. – Менің бір білетінім, елімізде мұндай отаны жасауға машықтанған бір ғана дәрігер бар, ол Астанада тұрады, медицина ғылымдарының докторы, жүректің дәл осындай ауыр кінәратын сол кісі ғана емдей алады.
Не істеу керек?
– Ау, ендеше, не тұрыс, қаражат жағынан қам жемеңіз, – деді бастықтың орынбасары Омар.
– Түсінесіз бе, – деді кардиолог маман күмілжіп. – Мәселе қаржыда емес, Жазира Еркінбекқызы мұндай ит арқасы қияңдағы жерге келе қояр ма екен, қол бос болса, қанеки, ол кісіге сұраныс көп…
Тершіген мұрнының ұшына сырғып түсе берген көзілдірігін қайта-қайта түзеген дәрігердің астаналық маманмен батыл сөйлесуге жасқанғаны байқалып тұр. Бірақ, басқа жол жоқ еді, бәрібір телефон шалды.
– Әлләу, – деді асып-сасып. – Жазира Еркінбекқызы, облыстық аурухананың кардиологы Өскенбаевпын. Сіздің көмегіңізге зәру болып отырғанымыз. «Қолым бос емес», дейсіз бе, әттеген-ай енді қайттік, – деп қалбалақтады.
Жағдайдың басқа бағытқа кетіп бара жатқанын аңдаған Омар кардиологтың қолындағы телефонға жармасып, жалма-жан өзі сөйлесті.
– Жазира Еркінбекқызы, көмек көрсетпесеңіз, қазақтың маңдайына біткен бір азаматынан айырылып қалайын деп отырмыз, қол ұшыңызды беріңіз. Иә, ірі мұнай компаниясының басшысы Қайыр Смағұлов деген жігіт. Табан астынан осындай жағдай болып қалды…
О, тоба, ар жақтағы дәрігердің Қайырдың атын естігенде шошынған даусы естіліп қалды.
– Кім дейсіз, Қайыр ма!? Қайталап айтыңызшы, Қайыр Смағұлов па!? Әуежайдан күтіп алыңыз, – деді.
– Апырай, біздің Қайрекеңді Астанадағы дәрігерлерге дейін біледі екен ғой, – деді Омар таңданып.
Астанадан ұшқан ұшақ облыс орталығына қонған кезде үстінде көгілдір көйлегі бар, жасы қырықтың үстіндегі сүйкімді келіншек жанына екі көмекшісін ертіп, сатымен түсе берген. Сүйкімді дәрігердің жүзінде әлдеқандай абыржушылық бар еді. Дабылын ойнатқан «жедел жәрдем» жол бастап, астаналық дәрігерді ауруханаға жеткізген.
Ота бес сағатқа созылды. Ота бөлмесінен шыққан дәрігер маңдайының терін сүртіп, еркін тыныстады.
– Жазира Еркінбекқызы, шағын дастархан жасатып қойып едім, мүмкіндігіңіз болса, шәй ішіп қайтайық, – деді Омар.
Дәрігер жоқ демеді. Езу тартып, жымиғанда бетіне ойнап шыға келетін оймақтай шұңқыры сүйкімділігіне одан сайын сұқтандыра түсетін келіншектің әлдебір нәрсені айта алмай, қобалжып отырғаны жүзінен аңғарылып тұрды. Әңгімені неден бастарын білмей Омар да қиналды. Десе де сабырды тәуекелге жеңдірді.
– Қайыр Смағұлұлын бұрыннан танитын сияқтысыз ғой, – деді сыр тартып.
Дәрігер бірден лақ етіп ақтарыла салмады.
– Жәй… студенттік жылдары қатар оқып едік. Тәңірім-ау, одан бері қанша жыл өтіп кетті. Ол кезде жас едік. Енді мынау… елуге беттеп барамыз…
Дәрігер мұңайған.
– Олай демеңіз, көңілі жас адамдар қартаймайды, – деді Омар жұбатқан болып.
– Көңіліңізге рақмет! Жарық дүниедегінің бәрі өзгереді, бәрі тозады, – деді келіншек, Омардың пікірімен келісе қоймай. – Қайыр маған бұдан отыз жыл бұрынғыдай елестейтін. Мен онымен курстас қызымның туған күнінде таныстым. Ол кезде қазіргідей кафе, мейрамхана қайда, Алматыдағы Тастақтың төменгі жағындағы жұпыны пәтерде бас қостық. Политехтан бір топ жігіт келді. Жанымдағы қыздардың барлығы сол жігіттердің ішінен сұңғақ бойлы, шашы бұйра Қайырға өлердей ғашық болды. Оның гитарамен ән айтқанын естіген қыздардың алды мүлде құлап қалды.
Сөйтіп, аспандағы жұлдызға айналған Қайырға жаратқанның өзі мені ойда жоқта жақындаттырды. Қазір есімде жоқ, тамақтан соң бір жігіт:
– Қызық болсын, мединституттың қыздарымен тобық ойнайық, – деді жұп-жұмыр сүйекті алақанында қақпақыл ойнатып отырып.
Жеребе тасталды, тағдырдың таңдауына қарасаңызшы, орамалдың арасынан Қайыр екеуміздің аты-жөніміз шықты. Ойынның шарты бойынша Қайыр үш рет менен тобық сұрауы тиіс, егер мен тауып берсем, ұтылғаны. Ұтылған адам аптаның кез келген күні таңертең мені ертіп алып, қаланың дүкендерін аралатып, қалаған нәрсемді сатып алып беруі тиіс.
Сонымен ойын басталып кетті. Қысқы сессияның әлегімен тобықты ұмытып та кеткенмін ғой, бір күні жатақхананың фойесінде жайбарақат тұрсам, ойда жоқ жерден Қайырдың кіріп келіп, тобығын сұрамасы бар ма. Тауып бере алмадым, ұтылдым. Бірақ, менің әлі де екі кезегім бар еді, ұтылғанымды мойындамадым, есесіне сақ жүрдім.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін автобуспен жатақханаға қайтып келе жатқанмын. Қасымда мал дәрігерлік институттың қыр соңымнан қалмай жүрген Сабыр деген жігіті екеуміз мәз-мейрам болып келе жатқанбыз. Сабыр мені құшақтап алған. Қырсық шалғанда мен оның құшағына көміліп, ол болса, менің шашымнан иіскеп тұрған сәтте Қайыр кіріп келіп, тобығын сұрады.
– Мынауың кім? – деді Сабыр жақтырмай.
Қайырдың қызғанғаны болар, бұрыла бере:
– Ұтылдың, – деді.
Мен де қайта қоймай:
– Тағы бір мүмкіндігім бар, – дедім.
Қайыр қайырылмады. Сол жолы ойыннан ғана емес, тағдырдың маған ұсынған сыйынан да құралақан қалып, ұтылғанымды білдім.
Қайыр қайтып оралмады. Соңғы жүздесуден соң оның ішімдікке үйір бола бастағанын естідім. Барып, мән-жайды түсіндіргім келгенімен, намысым жібермеді. «Әрі беріден соң, ол маған кім, екі-үш рет киноға барғанымыз болмаса, тіпті жігітім де емес қой», деп, өз-өзімді жұбаттым.
Бірақ, Қайырды есімнен шығара алмадым, оны шын сүйетінімді кеш түсіндім. Жынды адам сияқты политехтің жатақханасының сыртында тұрып-тұрып қайтатынмын. Алты жылдан соң институтты бітіріп, Сабырға тұрмысқа шықтым. Алайда, ол мен ойлағандай адам болмады. Ерлі-зайыптылық өміріміз бар болғаны үш жылға зорға жетті, екеуміздің жолымыз екіге айырылды. Бір баламен мен қалдым. Тек есімнен Қайыр шықпайтын, кей кездері жолымның сәтсіз аяқталғанына өзімді кінәлап, жігіттің наласына қалғандықтан, осындай күйге ұшырадым-ау деп те торығатынмын.
Жылдар жылжыды, қызмет баспалдақтары бәрін де ұмыттырды. Бірақ, сенесіз бе, ескі дерт сияқты Қайыр ойыма оқта-текте оралғанда шырт ұйқымнан шошып оянатынмын. Оның үстіне, арада қаншама жыл сырғып өтіп кетті. Қайыр үйлі-баранды болса, отбасының шырқын бұзып қайтемін деп те ойлап, іркілдім. Ақыры Қайырмен мынандай жағдайда қайта ұшырасып отырмын…
Омар әңгіме арасында Қайырдың мединституттың қызына ғашық болғанын естігенін, тек ауқатты отбасынан шыққан бойжеткеннің менсінбей тастап кеткенін айтқанда Жазира езу тартып, жымиған.
– Әлдебіреулердің әңгімеге қосқан әрі болса керек. Қалай дегенде де Қайырдың алдында өзімді біртүрлі кінәлі сезінемін. Өзім ауыртқан жүректі бүгін өзім емдедім емес пе, – деді.
Облыстық аурухананың бас дәрігері алыстан келген атағы дардай қонақ келіншектің қолын қайта-қайта қысты.
– Апыр-ай, сіз болмағанда не істер едік, пациентіңіз сізді көрсем деп жатыр, – деді.
Келіншектің бетінің ұшы алаулап, қызарып қоя бергенін Омардан басқа ешкім байқаған жоқ. Жазира палатаның табалдырығынан қобалжыңқырап аттаған.
Самай шашы бурыл тарта бастаған жігіт ағасы орнынан тұруға ұмтыла беріп еді, дәрігер «қозғалмаңыз, жата беріңіз» дегендей ишара жасады. Өмірі мұңданып тұратын басшыларының жанарында бұрын-соңды байқалмаған ерекше бір қуаныштың бар екенін Омар алғаш рет көрді.
Жазира Қайырдың жанына отырып, тамырын ұстаған болып, алақанын сипады. Науқас бірдеңе деп айтуға оқталып еді, дәрігер «үндеме» дегендей аузын басты. Соның өзінде Қайыр:
– Жазира…, – деп қалды.
– Сен тобықтан ұтылғаныңды білесің бе? – деді Жазира. – Үшінші кезегімнің бар екендігін ұмытпаған шығарсың?
Қайыр басын шайқады.
– Ал сен ұтылдың…
Жылы жымиған дәрігер келіншек жұмулы жұдырығын жазғанда оның әппақ алақанында ақжемденіп кеткен тобық жатыр еді…