Жетпіс мыңдай жұмыс орны құрылады

0 5

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде халықты жұмыспен қамту шаралары талқыланды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің сөзінше, 2024 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 67308 жаңа жұмыс орнын құру жоспары бекітілген болатын. Жыл қорытындысы бойынша 70056 жұмыс орны құрылып, жоспар 104,1 пайызға орындалды.

Биыл салаға 54,4 миллиард теңге бөлініп отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Биыл 68 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру туралы тапсырмасын орындау міндеті асыра орындалды – 13111 жұмыс орны ашылды. 2024 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 62651 тұрғын қамтылды, жоспар 112,7 пайызға орындалды.

Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өткен жылдың қорытындысы бойынша 52776 адам (112,4 пайыз) жұмысқа орналастырылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 16915 адам (111,3 пайыз) тартылды, оның ішінде 67,3 пайызы тұрақты жұмыс орындары.

Баяндамашы жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөніндегі жұмыстарға кеңінен тоқталды. 2024 жылы кәсіптік оқытумен 1243 жамбылдық қамтылса, оның 99,3 пайызы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 2,9 мың адам «Skills enbek» порталы арқылы онлайн оқытылды. Биыл 1315 адам газ-электр дәнекерлеуші, кран машинисі, автомеханик, құс өсіруші, тракторшы, ветеринар, косметолог, автослесарь, графикалық дизайнер, электромонтер, химиялық талдау зертханашысы, экскаватор машинисі сияқты танымал мамандықтарды игере алады.

Бұдан бөлек, 2524 жұмыс берушінің қатысуымен 128 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Нәтижесінде тұрақты жұмыс орындарына 1314 азамат орналастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1008 адамға 1,5 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілді. Спикер сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы да айтты.

Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің есептері тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев гранттарды бөлудің ашықтығы мен олардың нысаналы мақсатына қатысты мәселелерді бақылауды, зейнетақы жарналарының, электрондық еңбек кітапшаларының бар-жоғын тексеру арқылы мониторингті күшейтуді, жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындары бойынша тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуді тапсырды.