Ұлттық жоба тәсілдері мақұлданды

0 6

Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жөніндегі тапсырмасының орындалуы бойынша кеңес өткізді. 

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы инженерлік желілердің апатты мен тозу деңгейін төмендетуге, коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған. Электр энергиясын өндіру үшін 5259 МВТ-қа дейін жаңа қуаттарды іске қосу бойынша 15 жобаны іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 14 нысанды жөндеу және реконструкциялау жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстар нәтижесі бойынша қуаттылық 7,3 ГВт-қа артады деп болжануда, қолданыстағы активтерді жаңарту тозудың орта есеппен 15 пайызға төмендеуіне әкеледі. Жаңғырту барысында 86 мың шақырым коммуналдық желілерді қамту жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық секторлардағы өзекті мәселелер республика бойынша жөндеу қуатын арттыру және желілердің тозу деңгейі 65-70 пайыздан асатын өңірлерге баса назар аудару арқылы шешілетінін баяндады.

Тозу деңгейін төмендету бойынша: жылумен жабдықтауда – 53 пайыздан 40 пайызға дейін, электрмен жабдықтауда – 62 пайыздан 45 пайызға дейін, сумен жабдықтауда  – 39 пайыздан 34 пайызға дейін, су бұруда – 54 пайыздан 40 пайызға дейін жоспарлы көрсеткіштер қарастырылған. 2029 жылға дейін бұл мақсаттарға 6,8 триллион теңге бағытталады. Қаржы жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық теңгені пайдалану мәселесі талқыланды

Олжас Бектенов әзірленген Ұлттық жобаның отандық тауар өндірушілерді қолдау мен мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін арттыруды ескере отырып, еліміздің тұрғын үй-коммуналдық секторы мен жалпы экономиканы дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Ұлттық жобада импортқа тәуелділікті төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін отандық өнеркәсіпті қолдауға ерекше назар аударылды. Экономиканың аралас салаларын, соның ішінде металлургияны, өңдеу өнеркәсібін және басқа да саланы дамытуды ынталандыратын 27 жаңа өндіріс салу жоспарлануда.

– Өмірлік маңызды секторлар – жылудың, энергияның және сумен жабдықтаудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті саналады. Ұлттық жобаны орындау тозған, кейбір жерлерде апатты жағдайдағы инфрақұрылымды ауқымды жаңартуға мүмкіндік береді. Барлық жобалар 3,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. Бізге отандық бизнесті барынша тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Ұлттық жоба бекітілгеннен кейін оның сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алдына ТКШ өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындардың толық жүктемемен жұмыс істеуіне жағдай жасау міндеті қойылды.

Ұлттық жобаны іске асыру жоспарлары туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев баяндады. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те пікір білдірді.

Кеңес қорытындысы бойынша Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба тәсілдері мақұлданды.