Алматыда көлік саласындағы сарапшылар, урбанистер және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Райымбек даңғылында Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі BRT дәлізінің бірінші учаскесінің жобасы ұсынылған дөңгелек үстел өтті.
Жобаны халықаралық консультанттар мен Алматы көлік жүйесін дамыту жобалық кеңсесінің қолдауымен «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты әзірледі. Әзірлеушілердің айтуынша, жоба аясында минималды үзілістермен арнайы жолақтар жасау, жаңа аялдама кешендерін орнату, сондай-ақ даңғыл бойын «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша кешенді көріктендіру көзделген.
«Қақтығыс нүктелері аз болатын учаскелерде арнайы жолақтар жолдың шетінде болады. Тұрақ орындарын сақтау қажет немесе көрші аумақтардан шығатын жолдар көп болған жерлерде, арнайы жолақтар бульвар бөлігінің бойында орналасады. Осылайша, барлық қозғалыс қатысушысының мүддесі барынша ескеріледі. Аялдамаларды платформаларда жабдықтап, қиылыстарға жақын орналастыру жоспарлануда. Бұл ретте, автокөліктердің негізгі жолақтары сақталады», деді «Алматыбасжоспар» басшысы Асхат Сәдуов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл Қонаев көшесінен Чайковский көшесіне дейінгі бульварлық бөлікті көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Қыркүйек айында Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейінгі және Ахрименко көшесінен «Барлық» базарына дейінгі BRT дәлізінің екінші жобалау жұмыстары аяқталады.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан сарапшылар бұл жобаның Алматының қоғамдық көлік жүйесін дамыту және қала тұрғындарының мобильдігін арттыру үшін маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, 2030 жылға дейін қаланың көлік қаңқасының бекітілген шебер жоспары аясында әзірленген Райымбек даңғылы бойынша BRT дәлізі жоғары талаптарға жауап береді және ол қала тұрғындарының көңілінен шығады.
Талқылау қорытындысы бойынша, сарапшылар қауымдастығының пікірін ескере отырып және қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайту мақсатында жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылдың сәуір айында бастау туралы шешім қабылданды.
«Күзде біз BRT дәлізінің бірінші кезеңінің екі учаскесіне, яғни Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін және Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейінгі мердігер ұйымды анықтау үшін байқау жариялауды жоспарлап отырмыз. Биыл инженерлік желілерді қайта құру, өсті бөлу сияқты дайындық жұмыстарын бастап, «Саяхат» маңында ірі аялдама кешендерінің құрылысын аяқтаймыз. Ал екі учаске бойынша негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі құрылыс маусымынан бастаймыз», деді Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.