Алдағы екі жылда Қостанай облысында фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Төрт нысанның құрылысы аяқталды, тағы екеуі аяқталуға жақын. Жалпы құны 559,1 миллион теңге болатын осындай жаңа пункіттің бірі жақында Лисаков қаласының Октябрь кентінде ашылады.
– Ауыл тұрғындарының денсаулық саласындағы әлеуетін арттыру біздің назарымызда. Аталмыш ауылдарда жоқ дегенде осындай алғашқы медициналық көмек пен бас ауырып, балтыр сыздағанда қалаға сабылмайтындай өз ауылында қаралуға мүмкіндіктері болуы керек. Тиісті қаражаттар бөлінуде, ендігі кезекте сіздердің жұмыстарыңыз сапалы болуы шарт. Сонымен қатар амбулаториялық орталыққа жұмыс істеуге келетін дәрігерлерді баспанамен қамту да өз шешімін табады, – деді жұмыс сапарымен Лисаков қаласына болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Лисаков қалалық ауруханасының бас дәрігері Қарлығаш Аленованың айтуынша, заман талабына сай жасақталған дәрігерлік пунктте т іс дәрігерінен бастап, акушер маманға дейін дәрігерлік құрам жасақталған. Барлық жабықтар жаңа және заманауи техникалармен қамтылған.
Лисаковқа жұмыс сапары барысында облыс әкімі қаланы абаттандыру барысымен танысты. Қалада ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілуде: асфальт жабыны жаңартылып, жаңа тротуарлар салынуда. Жалпы құны 180,6 миллион теңге болатын бұл жұмыстарды қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады. Барлық жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жалпы, Лисаков еліміздегі ең әдемі қалалардың бірі деуге болады. Қаладағы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Оның барлығы қала тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған. Сондықтан атқарылып жатырған құрылыс жұмыстарының маңызы зор.
Облыс әкімі барған келесі нысан – «Алые паруса» балалар лагері өткен жылы тамыз айында ашылған. Лагерь құрылысынна жұмсалған 307 миллион теңгенің 210 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді, қалған қаражат басқа көздерден тартылды. Демалыс орыны жыл сайын алты жүзге жуық баланы демалтып, сауықтыруға қауқарлы.
Жалпы, облыс басшысы атап өткендей, кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды ынталандыру мақсатында Лисаков қаласының әкімдігі кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктер жасауға бағытталған шаралар кешенін жүргізуде.
Лисаков тұрғындарымен кездесуде жолдарды жөндеу, аумақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, газдандыру, нөсер кәрізі, қоғамдық көлік және қала өмірінің басқа да аспектілеріне қатысты өзекті мәселелер көтерілді.