Үздік практикалар орталығы ашылды

0 10

Өткен жылы Мемлекет басшысы ДДҰ-ның медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференциясының пленарлық отырысында денсаулықтың профилактикасы және сақтау қағидаттарын ілгерілетуді, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай, Қарағандыдағы №1, №2 емханаларда және Теміртау қаласындағы №4 емхана базасында үздік практикалар орталығы ашылды.

№1 емханадағы үздік практикалар орталығының ашылу салтанатына денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты. Орталық пациентке тиімді медициналық көмек көрсетуді бес минутта жүзеге асырады. Бағдарланған «триаж» жүйесіне тіркеу арқылы жұмыс істейді. Пациенттер ағынын бөлуді, тіркеу орнының жанында шұғыл көмек кабинетін ашуды, цифрлық технологияларды интеграциялауды, навигация мен электрондық кезектерді реттейді. Сондай-ақ пациенттің «осында және қазір» қағидасы бойын­ша жұмыс істейтін қоғамдық қа­былдауды пайдалана отырып, өз мәселесі бойынша қалай және кімге жүгіну керектігін анықтауға кететін уақытты барынша жеңілдетеді. Адам денсаулығының қауіпсіздігі, қолжетімділігімен сипатталатын кешенді медициналық, әлеуметтік және психология­лық көмек көрсетеді.

Орталықта науқасты туғаннан бастап, қартайғанға дейін бақылайтын көпсалалы топтар бар. Олардың құрамында отбасылық дәрігерлер, патронаждық медбикелер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және бейінді мамандар бар. Сонымен қатар, орталықтарда жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға сапалы қызмет көрсету үшін жеке патронаж қызметі де бөлінген.

– Орталық жұмысы негізгі назар аурулардың алдын алуға және саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталады. Отбасылық медицина қағидатын енгізуге бағдарланғандықтан, емделушердің әлеуметтік жағдайына басым көңіл бөлінеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.