Жаңалыққа жаны құмар жетекші

0 4

Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылдық округіне қарасты Таңбалытас ауылында «ҚазКер» өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Кәсіпорын нарықтың сұранысына қажетті тауар шығаруға бейімделген. Негізінен құрылысқа қажетті өнімдер өндіріп, экспортқа да тауар жөнелтеді.

Бұрынғы Кеңес одағы кезінде мұнда құрылысқа арналған әртүрлі көлемдегі тас шығаратын комбинат болған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Жартас» болып өзгеріп, әктас, барит шығарған. Қазір зауыттың атауы да, өндіретін тауары да жаңа. Өнім түрі бұрынғыдан анағұрлым көбейіп, өндіріс ауқымы да кеңейген. Мұнда ақ және сұр түсті микрокальциттің бірнеше түрі, оның ішінде гидрофобтық микрокальцит, мәрмәртас құмы шығарылады. Оған қоса ғимараттың ішкі және сыртқы қабырғаларын, ішкі төбесін әрлеуге арналған акрильді эмульсиялық бояудың бірнеше түрі, гипсті сылақ ұнтағы, кафель желімі, термопанель, керамзитті және құмды блоктар шығарады.

Зауытты ұзақ жылдан бері Марат Мырзағалиев басқарады. Жаңалыққа жаны құмар жетекші жұмыс үрдісін үнемі жетілдіріп отыруға баса мән береді. Мұнда станок басындағы әрбір жұмыскер ай сайын бір жаңалық ойлап табуға дағдыланған. Егер кішкентай да болса бір бөлшекті өзгерту немесе әдісті басқаша қолдану арқылы тиімділік артатын болса, бірден өндіріске енгізіліп, соны ұсынған адам ұжым алдында марапатталып, қаржылай сыйақы тапсырылады. Ондай жаңашылдық мұнда айына бірнеше мәрте қайталанады. Нәтижесінде шығарған өнімнің өзіндік құнын төмендете отырып, сапасын жақсартуға қол жеткізіліп, нарықтағы бәсекеге қабілеттігі арта түседі. Жұмысшылар да бұған ынталы. Кәсіпорын қызметін осылай ұйымдастыру бүкіл ұжымды бір мақсат, ортақ мүддеге біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғандай, бір үйдің баласындай ынтымаққа жеткізген.

– Бұрын тас өңдеу комбинаты болып тұрған кеңес заманында мұнда тек қиыршықтас пен шағылтас қана өндірілетін. Қазір бірнеше тауар түріне ыңғайластырылды. Нарыққа не қажет, оған қандай мүмкіндігіміз бар деген сауалмен үнемі ізденісте жүреміз. Келешекте енді кеспе цехын жабдықтасақ деген жоспарымыз бар. Осында жұмыс істейтіндер «мынадай нәрсені жасап көрсек қайтеді» деген ойларын қосып отырады. Жігіттердің талпынысы жақсы, оларды үнемі қолдаймын. Құнды ұсыныстары үшін әркез көтермелеп, ынталандырған сайын олар да «тағы не ойлап тапсам екен» деп құлшына түседі. Бұрын «әрбір жапондық – жаңалық тапқыш» дегенді естуші едік қой. Біздің жігіттердің олардан несі кем? – дейді Марат Мырзағалиұлы.

Содан да болар, жұмысшылары тұрақты. Мәселен, ағайынды Самат пен Бақытжан Жаңғараевтар мұнда 15 жылдан бері еңбек етеді. Самат темір жонушы, ал Бақытжан минералды ұнтақтау цехында механик. Екеуі де жұмысты жетілдіріп, жаңалық енгізуде ізденгіштігімен ерекшеленеді. Жалақылары орта есеппен 300 мың теңге шамасында. Бұрын мұнда осындай кәсіптің тізгінін көбінде өзге ұлт өкілдері ұстаған болса, енді олардың орнын өз қаракөздеріміз басып, істі одан әрі өрістеткені қуантарлық жайт. Ол кездері елдімекен «Горный кенті» аталып, тұрғындарының басым көпшілігі орыстар, немістер болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылға осы аймақтың табиғи, тарихи ерекшелігіне сәйкес «Таңбалытас» атауы берілген. Себебі, бұл маңда мыңдаған жылдар бұрын бедерленген таңбалы тастар мол. Әлемге әйгілі Таңбалы шатқалы осы округтің аумағында орналасқан.

Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мүкеев «ҚазКер» өндірістік бірлестігі  ауылдың экономикасына ғана емес, әлеуметтік дамуына да қомақты қаржы құйып отырғанын айтады. Марат Мырзағалиұлының білікті басшылығының арқасында серіктестіктің ауылдың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі айырықша. Кәсіпорын қаржысына балалар ойын алаңы құрылып, заманға сай етіп жабдықталған. Бүкіл ауылды ауызсумен қамтамасыз етуді мойнына алған. Спорт үйірмесін ашып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасаған. Өрендер онда қоян-қолтық жекпе-жек өнерімен шұғылданады. Көпбалалы отбасының балалары үшін жаттығу тегін. Бапкер Ұлан Нұрдәулет шәкірттерін аймақтық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Зауыт ғимаратының бір бөлмесінен дәріхана, Мәдениет үйінің жанынан шағын спорт алаңы, мектепте қыздар волейбол үйірмесі ашылған. 1600-дей ғана тұрғыны бар аядай ауыл үшін бұлар ауыз толтырып айтар игілік.

Марат Мырзағалиұлы білгір басшы ғана емес, қиналғанға қолұшын беретін қамқоршы да. Жалақыны уақытылы төлейтіні өз алдына, қажет еткендерге бір емес, бірнеше айдың қомақты еңбекақысын алдын ала қолына ұстата салады. Ұжымда басшы мен қарапайым еңбек адамының арасында бір-біріне деген риясыз сенім, туыстай жақындық бар. Отбасылық жағдайларына қарайласып, материалдық көмек береді, алыстау ауылдан қатынап істейтіндердің жол шығынын, жұмыс уақытында тамақтануын қамтамасыз етеді. Қамқор көңілін қарамағындағылар қатты бағалап, жұмысты барынша адал атқаруға барын салады.