Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау тетігі жыл сайын ұлғайтылып, креативті жобаларды жүзеге асырушылар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі жаңақорғандық Азамат Құтыбаев шеге, тікен сым және қоршауға арналған тор секілді құрылысқа және ауылшаруашылығына қажетті материалдар шығаруды қолға алған.
Ол құрылыс жұмыстарына пайдаланатын қарапайым шегенің өзі қат, сырттан тасымалданатынын көріп, осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген. Алдымен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Бұл қаражатқа өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, алғашқы өнімдерін шығара бастады.
– Кішкентайымнан темірге үйір болған соң, осы жобаны таңдадым. Бұл жобаның қазіргі таңда Қызылорда облысында баламасы жоқ. Қазақстан бойынша 4-5 өңірде ғана бар. Сондықтан зерттей келе, осы жобаны қолға алдым. Кәсіпкерлік палатасының тегін оқуының арқасында білімімді шыңдап, жобамды сәтті қорғағанымның арқасында грантқа ие болдым. Бір ғана шегемен шектелмей, қоршауға арналған тор мен тікен сымды шығаруды мақсат етіп отырмын. Өздеріңіз көріп отырғандай, қондырғымыз минутына 260 дана шеге шығарса, тікен сымның бір сағатта 60-70 метрін шығарады, тор сеткіні де сол уақытта 60-70 метр өнімді дайын күйінде шығарып береді, – дейді ол.
Негізгі шикізат Қытай мен Ресейден келетіндіктен, қазір цех толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен, бұңдай құрылыс материалдарына өңірде сұраныстың жоғары екенін айтады кәсіпкер.
– Жұмысымызды жүйелі жүргізуге кедергі қалың немесе орташа, қатты және жұмсақ сымның тапшылығы болып отыр. Оны біздің елімізде бірнеше зауыт шығарады. Біз негізінен Ресейден алдыртуға тырысамыз. Өйткені, Қазақстандағы баға мен шетелдегі бағада айырмашылық үлкен. Ал сұранысқа келсек, аудан халқының өзінен тапсырыс жетіп артылады. Өйткені, көлемі 70-тен 150 миллиметр шеге кез келген құрылысқа қажет, – дейді кәсіпкер.
Темірден түйін түйген шеберге тұрмысқа, кеңсеге қажетті жиһаздардың кез келген түріне тапсырыс беруге болады. Шеге өндіретін цехтың жұмысын жолға қоя білген Азамат Құтыбаев екі кісіні жұмыспен қамтып отыр. Олардың басты мақсаты – сапалы тауар шығару, әрі шетелге мұқтаждықты азайту. Кәсіп иесі алдағы уақытта тағы да бірнеше станок алып, өндірісін ұлғайтпақ ниетте екенін айтады. «Жаңақорғанның шегесі» деген мықты бренд қалыптастыруды мақсат еткен жасқа біз де сәттілік тіледік.