Кәмшаттың «Кәдесый студиясы»

0 7

Қолөнерші Кәмшат Ізбасарованың жасаған бұйымдары қордайлықтарға жақсы таныс. Төл өнерді дәріптеп жүрген келіншек бұған дейін сәбилерге арналған моншақты түйреуіштер, адам есімі жазылған тасбих, әртүрлі тастармен көмкерілген орамал, шашбау, жазуы бар әмияндарды тапсырыспен дайындайтын.

Өткен жылы күзде «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Кәдесый студиясы» атты жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз грант иегері атанып, 1180000 теңгеге нақыштама жасауға арналған лазерлі аппарат сатып алған. Аталмыш станок фанераны, органикалық әйнекті, матаны және тебіскі киіз сынды әр түрлі материалдарды өңдей алады. Бұйымды қажетті пішінде кесуге және нақыштама жасауға мүмкіндік береді.

Станокпен жұмыс істеуді өз бетімен үйреніп алған Кәмшат Смағұлқызы бүгінде кез келген той-жиынның сәнін келтіретін ерекше тойбастар мен кәдесыйлар, шежіре тақталарын жасап шығаруда. Сонымен қатар, ол аппараттың көмегімен былғары әмияндар мен белдіктерге жазу жаздырады. Тігіншілер – Кәмшат ханымның тұрақты клиенттері. Неге десеңіз, ол көрпе-құраққа арналған түрлі оюлардың пішінін осы лазерлік кесу станогымен кесіп, тігіншілерге арналған дайындамаларды жасауды қолға алған. Бұдан бөлек той баннерлеріне, той торттарына, кеңсе тақтайшаларына тапсырыспен жазу дайындайды.

– Мен бұрын әмияндарға жазу жаздыру үшін аудан орталығына барып, дайын болғанын тәуліктеп күтіп, көп уақытымды жоғалтатынмын. Сол кезде өзімнің арнайы аппаратым болса деп армандайтынмын. Ғаламтордан лазерлік кесу станогы жайында әбден оқып, зерттеп, ақпарат жинадым. Күзінде қайтарымсыз грант алуға құжат қабылдау басталғанын біліп, өтініш тастадым. Міне, бәрі сәтімен болып, кәсібімді кеңейтіп, үйіміздің ішінде сүйікті ісіммен айналысып отырған жайым бар. Жолдасым да көмектесіп тұрады. Дегенмен, бағдарламаны егжей-тегжейлі білмейді. Аппарат «CorelDRAW» графикалық редакторы арқылы басқарылады, яғни қажет пішінді, керек қуаттылықты осы бағдарламамен белгілеп аласыз, – дейді кәсіпкер.

Бізге сұқбат бере отырып, Кәмшат Ізбасарова кезекті тапсырысын аяқтап үлгерді. Фанерадан жасалған үйшік, оның айналасындағы үй жануарлары және алтын түске боялған ағаштан тұратын күзгі қолөнер бұйымын әп-сәтте жасап шықты. Көздің жауын алар бұл бұйымның бағасы – 4000 теңге. Үстел үстіндегі дайын кәдесыйлардың арасында ерекше ұнағаны – қазақтың киізүйі. Бұл бас құдаларға тарту етілетін ерекше тойбастар екен. Ел арасында көп танымал бола бастаған шежіре тақтасы таусылып қалыпты. «Оның бағасы 15000 теңгеден басталып, дайындалған материалы мен көлеміне қарай өсе береді», деп түсіндірді ісмер. Кәмшат Ізбасарованың жасаған бұйымдарына тек Қордай ауданы емес, республикамыздың түкпір-түкпірінен сұраныс бар. Тапсырыстарды Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қалаларына жиі жіберіп тұрады.

Сүйікті ісімен айналысып, айына орташа 200-300 мың теңге табыс тауып отырған қолөнер шеберінің алға қойған мақсаттары көп. Солардың бірі – цех ашу.

– Қазір жұмыс істеп жатқан лазерлі кесу станогының қуаттылығы орташа. Бұл тек 6 мм қалыңдыққа дейінгі материалдарды кесуге қауқарлы. Болашақта бұдан да үлкен қалыңдықтағы материалдарды кесе алатын станок алып, кәдесыйлармен қатар, ағаш үстел, тапшан сияқты ірі бұйымдарды жасап шығарсақ деп армандаймын. Ол үшін жұмыс істеуге ыңғайлы кеңірек цех керек. Алланың қалауымен осы мақсаттарымызға жету үшін әрекет етеміз енді, – деп жымиды жылы жүзді келіншек.

Кәмшат Смағұлқызы жақында бесінші рет ана атанды. Бір қолымен бесігін, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған іскер әйелдің жұмысына жеміс, толағай табыс тілейміз!