Туған жерге туын тіккен азамат

0 12

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауылшаруашылығын дамыту – негізгі проблемалардың бірі.  Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет» деген еді. Ауылшаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала болғандықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа ерекше назар аударумен келеді.

Бір қуанарлығы, ел ішінде мал мен егін шаруашылығын дамытып отырған азаматтар баршылық. Қожатоғайлық азамат Алмас Шүкірбеков  өз қаржысы есебінен 200 млн теңгеге қора салып, 400 қисары қой мен 30 жылқыны бағымға алған. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын ашып, төрт түліктің санын көбейтуді көздеп отыр. Оның «Мүбәрак Агро» ЖШС-і Арыс қаласы, Қожатоғай ауылдық округінде орналасқан. Ол «Мүбәрак Агро» ЖШС-ін 2020 жылы құрған екен. Содан бергі аз уақытта ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізген. «Алдағы уақытта 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз», дейді Алмас Шүкірбеков.

– Өңірімізде қой шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келе жатыр. Жерлестерім Қазақстан мен алыс жақын  елдерден асыл тұқымды қошқарларды әкеліп жергілікті ірі, етті саулықтармен будандастырып, нәтижесінде салмағы ауыр, суыққа төзімді төл алып жүр. Алдағы уақытта аймағымызда мал шаруашылығы саласы кең өріс алатын болады, – дейді ол.

Іскер жігіт туған ауылында туризм саласын дамытудың да жобасын әзірлепті.

– Жақында ауыл тұрғындарымен бірлесіп, қонақтарға арнап үш заманауи үй, киізүй, заманауи үлгідегі монша, бассейн, футбол алаңы және балалар ойын алаңшаларын саламыз. Бұл қонақ күтуге қолайлы, қаланың қым-қуыт тіршілігінен демалуды қалаған жандарға таптырмас орын болмақ. Кең даланың таза ауасы мен табиғи өнімі туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді, – дейді кейіпкеріміз.

Алмас Шүкірбеков бүгінде «Лидер-НС Строй» ЖШС-нің директоры, Арыс қалалық мәслихатының депутаты. Кейіпкеріміздің жерлестеріне жәрдем етуден тартынып қалған кезі жоқ. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналарға, мектеп оқушыларына, жастар арасындағы спорттық іс-шараларға, мүгедек жандарға азды-көпті жәрдемін беріп тұрады.

Алмаспен әңгімелесіп отырып, «онсыз да қым-қуыт тірліктен бір сәт босамайтын азаматқа депутаттық мандат не үшін керек болды екен?» деп ойлағанбыз. Ол ойымызды өзінен де жасырған жоқпыз. Оның жауабы да нанымды шықты.

– Мен қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, арыстықтардың әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына күш-жігерімді жұмсауды азаматтық борышым деп есептеймін. Депутат ретінде  жастардың болашағы, ішімдік пен нашақорлыққа қарсы күрес, аула клубтарының жұмысын жандандыру, білім мекемелеріндегі үйірмелік іс-шаралар, спорттық алаңдарды жаңарту, ұлттық мәдениетті насихаттай отырып, жас мамандар мен жас отбасыларға қолдау көрсету секілді мәселелерді көтердім.

Қала тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетілуіне ықпал етіп, қарттарға, тұрмысы төмен отбасыларға, көпбалалы және жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарды әлеуметтік қолдауға, кәсіпкерліктің еркін дамуына  үлес қосуды ойладым.  Қаланы көріктендіру, санитарлық тазалығына мән беру, газ кіргізу, жылу жүйелерін реттеу секілді мәселелерге де атсалысуды жөн көрдім. Осы елдің түлегі болған соң, жерлестерім мен туған өлкенің кез келген проблемасы назарымнан тыс қалмақ емес.

Күні кешеге дейін қалалық мәслихатта 13 сессия өтіп, 75  мәселе қаралды. Жұртшылықтың талап-тілектерін орындау мақсатында түрлі сала басшыларына 14 депутаттық сауал жолдадым. Және оның барлығы дерлік оң шешімін тапты. Атап айтсам, күл-қоқыс тастайтын алаңшалар салу, ғимараттардың қасбеттерін реттеу, көпқабатты үйлердің жертөлелерін тазарту, кәріз жүйесі құбырының тесілген жерін жөндеу, жол белгілерін орнату, тағы да басқа түрлі мәселелер шешімін тапты. Алдағы уақытта да түрлі салалар бойынша көптеген жұмыстар атқарылатын болады, – дейді депутат.

Іскер адамдар қай кезде де құрметке лайықты. Алмас Шүкірбеков те күні бүгінге дейін атқарған еңбегінің лайықты марапатын алған азамат. Ол Түркістан облысы және Шымкент қаласы әкімдерінің грамоталарымен, Алғысхаттарымен, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Құрмет грамотасымен,  Арыс қаласы әкімінің «Арыс қаласының  дамуына қосқан үлесі үшін» мерекелік медалімен марапатталған.