Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – басты мәселенің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте ауыл халқының 85%-ы тұратын тірек ауылдарды дамыту аса қажет екендігін атап өткен болатын.
Тірек ауылдарды дамыту үшін бұл елді мекендерді жолдармен, қолжетімді байланыс интернетпен, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бірінші кезекке шығуға тиіс. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін білім, мәдениет және спорт нысандарын дамытып кез келген ауыл баласының шынық та шымыр болып өсуіне қолайлы жағдай жасалуы керектігі тағы бар.
Осыған дейін Үкімет агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын қабылдаған болатын. Мемлекет басшысы жобаны іске асыру барысында еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын екі есеге ұлғайту, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты түрде арттыру қажет деген бірқатар тапсырмалар жүктеген. Бүгінде аталмыш жоба аяқталуға жақын. Бұл мақсатта мемлекет қазынасынан әр жыл сайын қыруар қаржы да қарастырылған. Мысалы, 2021 жылы 471,9 млрд теңге бөлінсе, 2022 жылы 414,1 млрд теңге, 2023 жылы 485,6 млрд теңге қарастырылған екен. Ал 2024-2025 жылдарды қоса алғанда жұмсалатын қаражат 1 331,7 млрд теңгеге жетпек. Жалпы, жобаны ұлттық деңгейде жүзеге асыру мақсатында ел қазынасынан бес жыл бойына 2 703,3 млрд теңге қарастырылған.
Елімізде шамамен 6 293 ауылдық елді мекен бар. Бұл ауылдарда тұрақты мекен етіп отырған халықтың жалпы саны шамамен 7,7 миллионнан асып отыр. Қазір бағдарлама негізінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту маңызды. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталу үстінде. Ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сынды мәдени нысандар салынып, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылу үстінде. Одан бөлек, тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасын тауып оытр. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50%-ы мөлшерінде субсидиялау да қарастырылып отыр. Өз кезегінде бұл да халықтың ауылдарда тұрақтап өңірлердің өз бетінше дамуына үлкен серпін болатыны рас. Жоғарыда аталған мәселелердің кедергісіз жүзеге асырылуын еліміздің Ауылшаруашылығы министрлігінен бөлек, ел Үкіметі де қатаң бақылауында ұстап отырғаны белгілі. Бұған «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламаларындағы межелі басымдықтарды да қосуға болады.
Одан бөлек, ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу де жоспар тұжырымдамасынан тыс қалып отырған жоқ. Оған қоса, шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударыла бастады.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да біршама жұмыстар жүргізілуде. Ауылдағы ағайын үшін ең басты нәрсе – су мәселесі мен кедергісіз жолдың болуы. Сонымен қатар ауылды дамытуға бағытталған ұлттық жоба аясында кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан жобаның арқасында бірінші кезекте ауыл халқының өмір сүру деңгейі жақсарып, тұрмыс тіршілігі алға басуы қажет. Сондай-ақ ауыл жұрты үшін жұмыссыздық мәселесін жою қажет екені белгілі. Үкімет осы бір келеңсіздікті жою мақсатында тағы бір серпіліп тың жоба қабылдаса деген пікір де бар. «Екі қолға бір күрек» табылып, күнделікті ас-суын айырып отырудың өзі ауылдағы ағайын үшін үлкен демеу болары сөзсіз. Бұл орайда елміздің әр өңірінде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде жұмыс орындары ашылып, біртіндеп кәсіпорындар өз істерін дөңгелетуде. Тіпті, жеке кәсіпкерлікті қолдаудың түрлі тетіктері пайда болып жатқаны жасырын емес.