БІЗГЕ – 30 ЖЫЛ!

0 25

Республикалық «SALYQ TÁRTІBІ» газетіне 30 жыл толды. Отыз жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, адам өмірімен алып қарағанда сонша аз уақыт емес. «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрген 1994 жылы 22 наурыз күні дүние есігін ашқан ұлдар бүгінде орда бұзар жасқа келсе, қыздар — аяулы ана. Газеттің тұңғыш нөмірін жыл басы — әз-Наурыз күні шығаруымыздың басты ерекшелігі — ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен ұлық күн сияқты ғұмырлы болсын деген ниеттен туды. Әрине, азаттықтың ақ таңы атып, Тәуелсіздігімізді алғанымызға төрт жылда толмаған еркіндіктің елең-алаңында дербес басылым шығару оңай шаруа емес еді.

Кеңес одағы ыдыраған соң, социалистік меншік жойылып, кеңшар-ұжымшар тарады. Одақтас республикалар жеке-жеке мемлекетке айналып, алыс-беріс, барыс-келіс үзіліп, өзара байланыс тоқтап, іргелі кәсіпорындардың өзі қалт-құлт етіп, өнім өндіру көлемі күрт құлдырап кеткен. Жұмысшы-қызметкерлеріне айлық-жалақыларын бере алмай, алды банкротқа ұшырап жатты. Осы кезде жекеменшіке жол ашылды. Қолынан іс келетін, еңбекке икемі бар азаматтар жеке кәсіп ашып, ауылдағылар жеке шаруашылық құрылымдарын ұйымдастырып жатты. Қалада шағын және орта бизнестің іргетасы қаланды.

Қай мемлекеттің болмасын тірегі — салық түсімдері. Әлгіндей жеке кәсіпке келіп жатқан жерлестер мемлекетке салықты қалай төлейді, Салық кодексінің талаптары қандай? Осыны жете насихаттап, түсіндіретін дербес басылым ауадай қажет болды. Содан әрі ойланып, бері ойланып облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісовқа барып, ойымды айтып, ұсынысымды жеткіздім. Өңірдің бас салықшысы газет ашу туралы ұсынысымды бірден қолдап, мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. «Мұндай дербес басылым бізге ауадай қажет. Біздің қызметкерлер жеке тұлғаларға салық ережелерін түсіндіретін мақалаларын облыстық немесе аудандық газеттерге шығаруда қиналып жатады. Сондықтан, өзіміздің басылым болса ғой деп мен де ойлап жүруші едім» десін.

Облыстық салық басқармасы басшысы қос қолын көтеріп қолдап отырған соң, не тұрыс, бірден Алматыға, Ақпарат министрлігіне тіркетуге бардым. Министр Алтынбек Сәрсенбаев та қолдап, тіркетіп берді. Наурыз күні «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына тарады. Ел Тәуелсіздігін жариялаған соң іле шала, 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Осы заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы Заң және кейіннен Салық кодексі талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің рөлі зор болды. Оның әр тарауын, әр бабын оқырманға түсіндіруде салық басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлерінен бөлек, қаржы саласының тәжірибелі қаржыгерлерді де тарттық. Облыстық, қалалық және аудандық салық құрылымдарының қызметкерлері басылым бетінен жиі орын алып, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кеңінен материалдар жариялады. Кәсіпкерлер тарапынан газетке деген қызығушылық артып, басылымның таралымы жыл сайын артып отырды. Тіпті, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндер де өздерінің жазғандарын редакцияға жолдап немесе арнайы алып келетін болды.

Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «SALYQ TÁRTІBІ» Салық кодексіне түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Іргелес жатқан Шымкент облысы (Түркістан), Алматы қаласы мен облысы (Жетісу) және Қызылорда облысы салық басқармаларының басшылары: «Бізде құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шығып жатты. Содан газет аймақтық басылым болып қайта тіркелді. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындадық. Осы өңірлердің салық басқармалары, кейіннен департаменттері қаржыландырып, мемлекеттік тапсырысты республикадан Қаржы және Ақпарат министрлігінен алып тұрдық.

«SALYQ TÁRTІBІ» республикалық тәуелсіз басылымға айналып, оқырмандарымыз көбейіп, әр алуан тақырыпта дүниелер берсеңіздер деген ұсыныстар түсе бастады. Осыны ескеріп, экономика, кәсіпкерлік, салық саясатын насихаттаумен қатар, денсаулық, мәдениет, әлеумет, білім, спорт және басқа да салаларды қамтып, әр өңірден мемлекеттік тапсырыс алатын болдық. Әр саладан жан-жақты тақырыпты қамтып жазудың нәтижесінде, бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Тараз қаласының орталығында үш қабатты өзіміздің ғимаратта редакциямыз орналасқан. Әр өңірден материалдар редакцияның электрондық поштасына түсіп жатады. Газетіміз де өзіміздің баспаханамызда теріліп, беттеліп басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкерлері еңбек етеді.

Ғалым ҚАСАБАЙ