Мемлекеттік қызмет сапасы қатаң қадағалауда

0 4

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті аталған Агенттіктің белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық органы болып табылады. Осы орайда департамент үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында қандай жұмыстар атқарды? Нәтижесі қалай? Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанханға осы сауалдармен қайырылған едік.

– Шәкір Асылханұлы, әңгімемізді облысымыздағы мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің құрамы мәселесінен бастасақ…

– Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 4483 бірлікті құрайды. Бос орындар саны – 198 бірлік, яғни 4,4%. Мемлекеттік қызметшілердің 47%-ы немесе 2013-і әйел азаматтар. Жалпы басшылық лауазымдағылар саны 1254 бірлік болса, ондағы әйелдердің үлесі 29,6%-ды (371 әйел) құрап отыр. Орташа есеппен мемлекеттік қызметшілердің жас шамасы – 40,8 жас, мемлекеттік қызметтегі өтілі – 12,1 жыл, нақты лауазымдағы қызмет өтілі – 5,1 жыл.

Есепті кезеңде облыстағы таза ауысымдылық көрсеткіші 0,9%-ды (42 адам) құрады. Жыл басынан бері облыстың мемлекеттік органдарында 271 лауазымға конкурс өткізілді. Үміткерлер бір орынға 1,3 адамды құрады. Жоғары лауазымдарға тағайындалғандар саны – 29 адам. Меритократия қағидасын сақтау деңгейі 60,4%-ды құрап отыр. Заңнаманы білу деңгейіне арналған тестілеуге 1296 адам қатысып, олардың 32,6%-ы (423) тестілеуден өтті. Оның ішінде құқық қорғау қызметіне алғаш түсушілер үшін тестілеуге 528 адам қатысты, олардың 39%-ы (206) оң нәтиже көрсетті.

Осы жылға облыс бойынша жоспарланған 782 мемлекеттік қызметшінің 209-ы оқудан өтті, бұл 26,7%-ды құрайды. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің оқыту жоспарлары 12,5%-ға орындалды. «е-қызмет» ақпараттық жүйесінде штаттық режимде енгізілген құжаттардың саны, облыстың бір мемлекеттік қызметкеріне орташа есеппен алғанда екі құжатты құрады.

Мемлекеттік қызметшілерге Тараз қалалық № 5 емханада «Qyzmet» медициналық кабинеті тегін қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні кабинетке 1908 мемлекеттік қызметші тіркелген. Сондай-ақ екі жоғары, төрт арнаулы орта оқу орнының жоғары курс студенттерімен және алты мектептің оқушыларымен кездесу өткізіліп, мемлекеттік қызметке түсу тәртібі түсіндірілді. «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы ұйымдастырылды, «Бос лауазымдар жәрмеңкесі» өткізілді.

Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы турасында не айтасыз? Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау мәселесінде қандай жұмыстар атқарылды?

– Бұл мәселеде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әдеп жөніндегі кеңестің үш мәжілісі өткізіліп, онда 9 тәртіптік іс және 15 профилактикалық мәселе қаралды. Қорытындылары бойынша тәртіптік істер бойынша 8 ұсыным, профилактикалық мәселелерді қарау нәтижелері бойынша қызметтік тәртіпті нығайту және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 48 ұсыным жолданды. Бүгінгі күні ол ұсынымдардың 34-і орындалған, қалған 22 ұсыным орындалуда. Осы орайда Стратегиялық жоспарға сәйкес жылдың қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес тарапынан берілген ұсынымдардың орындалуы үлесі 92 пайыздан кем болмауы тиіс екендігін айта кеткім келеді. Тәртіптік істерді қарау нәтижесі бойынша екі лауазым иесі «ескерту», үш тұлға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.

Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет саласында 55 өтініш қаралды. Оның 30-ы құзыреттілігі бойынша қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жіберілсе, 11-і толық немесе жартылай қанағаттандырылды. Ал 13 өтінішті қанағаттандырудан бас тартылып, біреуін қарау өтініш иесінің арызы бойынша тоқтатылды. Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша төрт азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бағытында алты тексеру жүргізілді. Оның біреуі профилактикалық бақылау болса, бесеуі – жеке тұлғаның шағымы бойынша жоспардан тыс тексеру. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 26 фактісі анықталып, бұзушылықтарды жою туралы бес нұсқама енгізілді. Бүгінгі күні ұсынымдардың төртеуі толығымен орындалса, біреуі орындалу сатысында. Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзған Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының лауазымды тұлғаларына қатысты төрт әкімшілік іс қозғалып, қысқартылған іс жүргізу тәртібінде 91890 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұл толығымен мемлекет бюджетіне өндірілді.

Сондай-ақ есепті кезеңде бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт мемлекеттік органның басшысы «сөгіс» (18), «қатаң сөгіс» (1), «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» (2) түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл орайда Әдеп жөніндегі уәкілдердің ұсыныстары негізінде өз қызметін адал, әрі нәтижелі атқарғаны үшін 19 мемлекеттік қызметшіге көтермелеу шаралары қолданылғанын айта кеткім келеді.

Есепті кезеңде мемлекеттік органдардағы Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан 60 азамат түрлі мәселелермен жеке қабылданды, оның ішінде 11-і жергілікті жерге шығу арқылы. Әдеп кодексі мен мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы заңнаманың сақталуы бойынша 153 түсіндірме іс-шаралары  өткізілді. Әдеп жөніндегі уәкілдердің атқарған жұмысының нәтижелері алты рет Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында қаралып, олардың қызметін одан әрі жетілдіру бойынша 26 ұсыным берілді.

– Сіз басқаратын департаменттің функционалдық міндеттерінің бірі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау екені белгілі. Бұл мәселедегі жағдай қалай? Жамбылдықтардың көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына көңілі тола ма?

–   Облысымызда мемлекеттік қызметтердің 371 түрі көрсетіледі. Есепті кезеңде 3103608 қызмет көрсетілсе, оның 97,7%-ы электронды түрде ұсынылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны 2,4%-ға артқан деген сөз.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында бізге азаматтардан 11 шағым келіп түсті. Оның екеуі бойынша келтірілген уәждер өз дәлелін тауып азаматтардың бұзылған құқықтары толығымен қалпына келтірілсе, төртеуі құзыреттілікке сәйкес қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жолданды. Ал үшеуі бойынша қарауды тоқтату туралы шешім қабылданды. Бір шағым иесіне түсіндірме берілсе, біреуі қаралу сатысында.

Есепті кезеңде мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында департамент тарапынан екі профилактикалық бақылау арқылы, үш жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру жұмыстары барысында жалпы 298 заң бұзушылық анықталып, қорытындысы бойынша 13 ұсыныс енгізілді және толық орындалды. Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 11 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Рұқсат беру құжаттарының мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы он хаттама толтырылды. Әкімшілік істер қысқартылған іс-жүргізу тәртібінде қаралып, 352245 теңге көлемінде айыппұл салынды және ол мемлекеттік бюджетке толық өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда рұқсат беру құжаттарының мерзімі мен тәртібін бұзу деректері екі есеге төмендегенін айтқым келеді.

Департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының бір отырысы өткізіліп, бес ұсыныс енгізілсе, облыстық және аудандық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің үш отырысында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері қаралды. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға он ұсыныс енгізілді және толығымен орындалды.

Сонымен қатар біздің департаменттің бастамасымен «Jambyl» телеарнасында «Елге қызмет» бағдарламасы ашылды. Онда мемлекеттік қызметтерді алу барысында туындайтын проблемалар талқыланып, мемлекеттік органдардың басшылары есеп беруде. Мысалы наурыз айында Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары және сәулет, қала құрылысы бөлімдерінде мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі зерделеніп, тараздықтардың қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі анықталған болатын. Осыдан кейін осы мемлекеттік органдардың басшылары студияға шақырылып, атқарып жатқан жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Сондай-ақ біздің департамент пен жеке кәсіпкер С.Терещенконың арасында облыс тұрғындарын көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттармен қамтамасыз ету, танымалдығын арттыру және мемлекеттік қызметтің жағымды имиджін қалыптастыру мақсатында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Қазіргі таңда, жеке кәсіпкер тарапынан қоғамдық орындарда, халық көп шоғырланған мекемелерде арнайы әзірленген бейнероликтер тегін көрсетілуде.

– Әңгімеңізге рақмет!