Зертхана бөлімі жаңа қондырғылармен толықты

0 8

Денсаулығымызда қандай да ауру белгілерін байқайтын болсақ, оның қандай ауру екенін анықтау үшін ең алдымен дәрігердің нұсқаулығымен аурухананың зертхана бөліміне жүгінетініміз анық. Кез келген ауруды бір күннің ішінде қажетті анализді тапсыру арқылы анықтауға болады. Ал осы зертхана бөлімінің жұмысы қандай, мұнда қандай мамандар жұмыс істейді, халыққа қандай қызмет көрсетеді деген сауал көп адамды қызықтырмай қоймайды.

Бұл орайда Жуалы аудандық орталық ауруханасының клиникалық-диагностикалық зертханасы заман талабына сай жабдықталған, заманауи зертханалық аппараттармен, тұтыну материалдарымен қамтамасыз етілген. Зертхананың негізгі жұмысына стационарлық, шұғыл қызмет және емхананы қамту жұмыстары кіреді.

–Біздің аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев жұмысқа тағайындалғаннан бастап, ауруханаға қарасты бөлімдермен танысып, не нәрсеге мұқтаж екенімізді сұрап білді. Біз зертхана бөліміне заманауи анализатор қажет екендігін айттық. Сұранысымыз мақұлданып, ағымдағы жылдың ақпан айында қажетті аппараттарға да қол жеткіздік. Атап айтар болсақ, зертханаға «МINDRAY» фирмасының DIRVI CS-T240 биохимиялық қан талдау, DIRVI BCC-3900 жалпы қан талдау және DIRVI H-100 жалпы зәр талдау аппараттары, С3100 автоматты коагуламетр анализатор аппараты алынды. Ендігі мақсатымыз – халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, – дейді бөлімше басшысы, жоғары санатты тәжірибелі дәрігер Ақәділ Жанғазиев.

Қазіргі таңда зертханада жұмыс өтілі 5-25 жыл аралығын қамтитын орта буынды зертханашылар медициналық қызмет көрсетуде. Айта кету керек, клиникалық-диагностикалық зертхананың мамандары өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырумен тұрақты айналысып отырады, дәрігерлер де, лаборанттар да арнайы даярлықтан өткен мамандар.