Жұмыла көтерген жүк жеңіл

0 5

Шымкент апатты аймақтарға 200 техника мен 240 млн теңгеге жуық гуманитарлық көмек жөнелтті.

Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялаған он облыста қарғын су қауіпі әлі сейілген жоқ. Тек, батыс аймақтар ғана емес, Қазақстанның солтүстік облыстарында да жағдай күрделі қалпында тұр. Мыңдаған үй су құрсауынан шыға алмай, тұрғындар толық эвакуацияланып жатыр.
Бүгінде Қазақстан халқы бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай бірігіп, апатпен күресіп жатыр. Осы игілікті іске қазақтың сөз зергері Қалтай Мұхамеджанов «Ұлысымның ұйытқысы» деп баға берген Оңтүстік өңірі де атсалысуда.

Атап айтсақ, Шымкент қаласынан төтенше жағдай жарияланған облыстарға жалпы саны 200 техника жіберілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков техникаларды тиеу және жөнелту жұмыстарының басы-қасында болды. Қала әкімдігіне қарасты басқармалар мен жеке компаниялар техникаларды пойызға тиеп, топан судан зардап шеккен облыстарға жөнелтті. Оның ішінде елді мекенді тазартуға, бөгеттерді алуға және жер қазуға көмектесетін жүк көлігі, экскаватор және бульдозер сынды техникалар бар.

Сонымен қатар, бұған дейін қалалық төтенше жағдайлар департаментінен құтқарушылар мен техникалар көмекке аттанған еді. Олар қазір су шайған елді мекендерде апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізіп жатыр.

«Демеу» қайырымдылық қорына шымкенттік меценаттар мен қайырымды жандар 280066500 теңге қаржы аударды. Бүгінге дейін апат орын алған аймақтарға жіберілген 164 тонна гуманитарлық көмекті ақшаға шақсаңыз, жалпы құны 238399400 теңге болады.

Көмек мұнымен шектелмейді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков штаб отырысында гуманитарлық көмектің жағдай оңалғанға дейін жалғаса беретіндігін айтты.

Мұндай кезеңде кетпеннің сабынан қарауыл қарап, сыртта қалуға болмайды. Ел болып жұмылып, су тасқынымен күресуге барша күшімізді, бірлігімізді жұмылдыруымыз керек. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген кезең осы.