Жылыжайы жайқалып тұр

0 5

Мақтаарал  ауданында жылыжайынан жылына бірнеше мәрте өнім алатын азаматтар аз емес. Достық ауылдық округі, Гүлістан елді мекенінің тұрғыны Юнус Хайдаров сондай еңбекқор жандардың бірі. Ол жеті жылдан бері жылыжайда көкөніс өсірумен айналысады. Диқан өз кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алып, қосымша тағы да 12 сотық жылыжай кешенін салды.

 – Негізі бұл жұмысты басында қызығушылықпен бастап едім. Өзбекстандағы нағашымның жылыжайына барып, содан көкөніс өсірудің қыр-сырын үйрендім. Кейін өзім қолға алып, біраз істегеннен кейін кәсіпке айналдырып, алынған өнімді Жетісай қаласы мен Мырзакент кентіндегі базарларға шығардым. Бүгінде жылыжайымда қызанақ пен қияр, болгар бұрышы өсіп тұр. Жылына екі рет өнім аламын. Көмірмен жылытылатын жылыжайда тамшылатып суару технологиясын қолданудамын. Оның тиімді тұстары көп.

Жылыжайдағы көкөністер өте нәзік келеді, сондықтан ерекше күтімді қажет етеді. Қазіргі егіп отырған қызанағымыздың сорты «Сабина» деп аталады. Ол жылына екі рет егіледі. Жыл басынан, яғни қаңтар айынан бастап көшет отырғызып, сәуірде өнім пісіп, базарларға өткіземіз. Осы  бизнесіміз отбасымызды асырауға молынан жетіп жатыр, – дейді Ю.Хайдаров.

Отыз бес жастағы жігіттің еңбексүйгіштігіне ауылдастары дән риза. Ол өз отбасын ғана емес, ауыл тұрғындарын да маусымдық жұмыспен қамтып отыр. «Көшет егетін кезде маусымдық жұмысқа 15-20 адам қатысады. Сондай-ақ дақылдарды күтіп-баптау мен жинау кезінде де біршама адамға жұмыс табылады» дейді жас диқан.

Ол осы екі жерден алынған өнімнің қаржысына қорасын кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Екі жыл бұрын Жамбыл облысы, Шу ауданынан әрқайсысы егер бабына келтірілсе бір миллион теңгеге дейін саудаланатын «Арасан» тұқымды қошқарлар әкелген екен. Бүгінде олардың санын көбейтіп жатыр. Одан бөлек сүт және ет бағытындағы ірі қараларды да өсіруде.

Юнус осы малға қажетті жем-шөптің бәрін жылыжайдан түскен пайданың есебінен сатып алып отырғанын жеткізді. Адал еңбегімен нәпақасын тауып отырған Юнустың іскерлігіне біз де риза болдық.