Жылына 11 мың тонна ет өнімін өндіретін кешен іске қосылады

0 1

Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі жүзеге асырылуда. Жаңасемей ауданына қарасты Достық ауылдық округінде бой көтеріп жатқан «Eurasia Agro Semey» ет өңдеу кешені өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жергілікті мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек. Құны 10 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын толық іске қосылғанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

Облыс әкімі Берік Уәли құрылыс алаңына арнайы барып, өндірістік нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Аймақ басшысы жобаның жүзеге асу барысын көріп, құрылыс жұмыстарының қарқыны мен болашақ өндірістің мүмкіндіктерін бағалады.

Жобаның жалпы құны – 10 миллиард теңге. Оның 4,5 миллиард теңгесі ауқымды жобаларды қаржыландыру бағдарламасы арқылы қарастырылған. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 11,4 мың тонна дайын өнім шығаруға есептелген. Бұл – тек мал союмен шектелмей, етті толық өңдеп, тұтынушыға дайын өнім түрінде ұсынуға бағытталған заманауи өндіріс орны болмақ.

Кәсіпорында мүйізді ірі қара, жылқы және ұсақ малды өңдеуге арналған арнайы желілер орнатылады. Атап айтқанда, бір ауысымда 100 бас мүйізді ірі қара мен жылқы, сондай-ақ 1000 бас қой-ешкі союға мүмкіндік бар. Өндірістік кешен құрамында шұжық және консерві өнімдерін шығаратын жеке цехтар да қарастырылған. Олардың тәуліктік емес, ауысымдық өндірістік қуаты тиісінше 5 және 12 тоннаны құрайды.

Қазір нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Құрылысқа 187 жұмысшы мен 30 арнайы техника тартылған. Әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, негізгі өндірістік цех және қазандық құрылысы соңғы кезеңге жетті. Сонымен қатар кәсіпорынның технологиялық жабдықтары кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр. Олардың басым бөлігі Еуропа мен Америкадан әкелінген.

Жобаның өңір экономикасы үшін тағы бір маңызды тұсы – жергілікті мал өсірушілерге тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруы. Бүгінде облыстағы ірі қара, жылқы және қой шаруашылығымен айналысатын 100-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған. Осылайша, шаруалар малын өткізуде қосымша мүмкіндікке ие болып, өндіріс орны қажетті шикізатты жергілікті жеткізушілерден алмақ.

Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, Абай облысы мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақтардың бірі саналады. Сондықтан мұндай өндіріс орындарын көбейту ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады. Әсіресе шикізатты сыртқа жөнелтумен шектелмей, оны облыс аумағында өңдеп, дайын өнімге айналдырудың экономикалық тиімділігі жоғары.

«Республикалық ауыл шаруашылығы форумы қарсаңында құрылыс барысымен танысу үшін арнайы келдім. Былтыр мамыр айында ет комбинатының іргетасына капсула салынған болатын. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Абай облысы – ежелден мал шаруашылығына бейімделген өңір. Қазір аймақта мал басы да артып келеді. Бұл жоба жергілікті шаруаларға өз өнімдерін тиімді бағамен өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 100-ден астам шаруа қожалығымен келісім жасалған. Біздің басты мақсатымыз – сапалы ет өнімдерін өндіру арқылы бұрынғы Семей ет комбинатының даңқын қайта жаңғырту. Ең бастысы, өнім сапасына баса мән беруіміз керек», – деді облыс әкімі.

Кәсіпорын басшылығының мәліметінше, өндірісті іске қосу бірнеше кезеңге жоспарланған. Алдымен жыл соңына қарай мал сою жұмыстары басталмақ. Қаңтар айында шұжық пен консерві өнімдерін өндіру қолға алынады. Ал наурыз айында фирмалық дүкендер ашылып, кәсіпорынның өз өнімдерін тікелей саудаға шығару көзделіп отыр.

«Біз малды тек тірідей қабылдаймыз. Оны өзіміз сойып, барлық талаптар мен стандарттарға сай өңдейміз. Кәсіпорындағы жабдықтар заманауи технологияларға негізделген және Еуропа мен Америкадан жеткізілді. Жұмыс күші де жеткілікті. Бұрынғы Семей ет комбинатында еңбек еткен тәжірибелі мамандарды да жұмысқа тартып жатырмыз», – деді «Eurasia Agro Semey» ЖШС бас директоры Қанат Қалиев.

Жаңа кешеннің ашылуы бірнеше бағытқа оң әсер етпек. Біріншіден, ауылдағы мал өсірушілер үшін тұрақты өткізу арнасы қалыптасады. Екіншіден, етті терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемі артады. Үшіншіден, 250 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс табуына жағдай жасалады.

Жалпы, «Eurasia Agro Semey» жобасы – Абай облысында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Кәсіпорын жоспарланған мерзімде іске қосылса, Семей өңірі ет өндірісіндегі тарихи әлеуетін қайта жаңғыртып қана қоймай, отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге де үлес қоспақ.