Жолаушылар тасымалы айтарлықтай жақсарды

0 7

Халық саны көп аймақтарда қоғамдық көлікке деген сұраныс артатыны белгілі. Бұл тұрғыда Қарасай ауданы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай. Атап айтқанда, өткен жылы аудан орталығы Қаскелеңді Алматы қаласымен байланыстыратын жаңа бағыттар ашылып, жолаушылар тасымалын айтарлықтай жақсартуға қол жеткізілді.

Мәселен, 2024 жылдың 19 наурызынан бастап №1, №2 «а» және №9 бағыттары бойынша қоғамдық көлік жаңа форматта жолаушыларды тасымалдай бастады. Бұған қажетті жаңа автобустар Қарасай ауданы әкімдігінің субсидия бөлуімен сатып алынған болатын. Соның нәтижесінде автобустардың саны артып, олардың қозғалыс аралығы қысқартылды. Егер бұрын үш қалаішілік қоғамдық көлік болса, былтыр олардың саны төртеуге жетіп, қозғалыс аралығы 20 минутты құрады.

Қоғамдық көліктерде «AlemPay» төлем жүйесі орнатылғаны да тұрғындар үшін оңтайлы болғаны рас. Бұл арқылы жолаушылар компанияның картасы және басқа банктердің карталары, сондай-ақ QR-код немесе мобильді қосымшалар арқылы төлем жасай алады. Қоғамдық көліктердің қозғалысын «SMS BUS» мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.

Өткен жылдың қазан айында №237 және №257 бағыттары іске қосылды. Бұл қоғамдық көліктер Алматы қалалық мобильділік басқармасы тарапынан субсидияланады. Алайда, барлық қоғамдық көлік «Қаскелең автобус паркі» ЖШС балансында болғандықтан, олардың жағдайы мен сапасын бақылау жауапкершілігі осы компанияға жүктелген.

Ал қараша айында Қарасай ауданынан Алматы қаласына қарай екі жаңа бағыт ашылды. Олар –  Қаскелеңнен Алматы қаласындағы «Сәлем» базарына дейін қатынайтын №254 және Долан ауылынан Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы метро стансасына дейін баратын №239 қоғамдық көліктері. Айта кету керек, бұл бағыттар Алматы қалалық мобильділік басқармасы тарапынан сынақтық режимде іске қосылды.

Сонымен қатар, өткен жылдың қараша айында Алматы қалалық мобильділік басқармасы мегаполистің сыртқы аймақтарына жаңа сегіз бағыт енгізген болатын. Оның ішінде Қарасай ауданының Қырғауылды, Кемертоған және Көктоған ауылдарына баратын №238, №246 және №250 нөмірлі қоғамдық көліктер бар.

Тұрғындардың сұрауы бойынша желтоқсан айында Алматы қаласының мобильділік басқармасы Алматы қаласы мен Жібек жолы ауылы арасында қатынайтын  №256 бағытын іске қосты. Автобустар Алматы қаласындағы Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысынан бастап, Жібек жолы ауылындағы саяжайларға дейін қатынайды. Бұл бағыт Жамбыл, Қошмамбет және Ұлан ауылдары арқылы өтеді. Бағыт бойынша 7 автобус жүреді, олардың қозғалыс аралығы 29 минутты құрап отыр.