Жоба да жоспар да көп

0 8

Жанұзақ Бейсенәлі – Жітіқара өңіріндегі өндірісін өрге жүздірген табысты кәсіпкер. Бүгінде заманауи технология­мен жұмыс істейтін швед және орыс пеш­тері орнатылған наубайханасында тәулік сайын төрт мың нан пісіп шығады. Жітіқара ауданымен қа­тар, көршілес Денисов, Қамысты аудан­дарының тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіптің көзін тауып, азаматтарға жұмыс беріп отырған ел ағасының еңбегін қалай дәріптесек те, артық емес. Қайнап жатқан шаруа жайын ауданға арнайы барған сапарымызда көріп қайтқан едік.

«Бейсенәлі» жеке кәсіпкерлігіне қарасты наубайхана халықты жиырма жылдан бері нан өнімдерімен қамтып келе жатыр. Ас атасын пісіріп, оны сатып қана қоймайды, үнемі жетілдіріп отыру үшін технологтарды үздіксіз тәжірибе жинақтауға жіберіп отырады.

– Наубайханамыздың жұмысшы­лары екі ауысыммен күн-түн демей еңбек етіп, тұтынушыға әр таңда пештен жаңа шыққан нан өнім­де­рін ұсынып келеді. Жұмыс барысында мамандарымыз барлық тех­нологиялық талапты сақтай оты­­рып, өнім сапасын түсіретін, тұ­ты­нушы талаптарына қайшы асығыс қарекеттерге жол бермейді. Наубайхана іске кіріскен уақыттан бері бізбен бірге жұмыс істеп жүрген мамандарымыздың біліктілігі тұтынушылар алдындағы беделіміздің жоғарылап, біздің өнімдерге сұраныстың артуына көп ықпал етіп отыр, – дейді кәсіпкер.

Диірмен бар жерде нан пісіру керек болады. Жиырма жыл бұрын Жітіқарада сапалы нан пісіретін наубайшылар болған жоқ. Жанұзақ ағамыз бұл шаруаны мықтап қолға алғалы бері алтын астығымыз иісі бұрқыраған ақ нанға айнала бастады.

– Жайлап ісіміз оңға басып келеді. «Бейсенәлі» жеке кәсіпкер болып тіркелгенімен, өзіміздің бренд «Ақмол-нан» деген атауға ие. Төрт пеш жұмыс істеп тұр. Өте жақсы пісіреді. Әлемнің мықты фирмаларынан алынған. Екеуі Ресейдікі, екеуі Швецариянікі. Ресей қондырғысы қырық бес минутта бір мезетте 160 бөлке пісіреді. Ал, Швед пеші 216 бөлке пісіреді. Бірі пісіп жатса, екінші қалыпқа салынып, дайын тұрады. Оның сыртында нан илейтін төрт аппарат бар. Оған үш жүз келіден алты жүз келі, екіншісі екі жүз келіден төрт жүз келі ұн салынады. Оларда кебек нанның рецебі де илене береді. Нанның дәмді болып пісуі иінінің қануына байланысты, – дейді Жанұзақ Ниетәліұлы.

Бүгінде наубайханада 18 қыз-келіншек еңбек етуде. Кезекпен таң атпай жұмысқа шығады. Көлік жүргізушілерінің барлығы ер азаматтар. Олар да ауысыммен жұмысқа келеді.

– Әлі де мамандар тапшы. Оларды жұмысқа қабылдап, өзіміз жоғары оқу орындарында оқытып, үйретеміз. Айына болмаса да, екі айда бір рет Ресейге жіберіп, тәжірибе алмасу мақсатында оқытып, үйретіп отырамыз. Нан өнімдерінің түрлеріне байланысты. Жүк көліктері шекаралас Ресей еліне іссапарларға шығады. Жұмысшылардың алды он бес жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Қазір шет елден келген қандастарға да жұмыс тауып беріп, үйретіп жатырмыз, – дейді кәсіпкер.

Қазір наубайханада пісірілетін әртүрлі нанмен қатар, мерекелік дастарқанға арналған тәтті тоқаштар, диеталық нан түрлері өте көп. Ши­ра­тылған батондар, қалыптық бидай наны, қарабидай, кебек нандарына сұраныс жоғары.

Түрлі дәмдеуіш қосылып, иі қанып, дайын күлшеленген қамырды арнайы қондырғыда белгілі уақытта тындырып, содан кейін ғана пешке пісіруге қояды. Пештен пісіп шыққан нанды арнаулы орында суытып, кептіргеннен кейін ғана автокөліктерге тиеп, дүкен сөре­леріне жөнелтеді.

– Өз ісін жетік мең­герген мамандардың жауап­кер­шілігі мен шеберліктерінде мін жоқ. Олардың арасында кәсіпорында ұзақ жыл еңбек еткен білікті мамандар бар. Біздің мақсат – халық­қа сапалы ұн өнімдерін ұсынып, ел алғысын арқалау, – дейді Жанұзақ Бейсенәлі.

Кәсіпкер наубайхана жанынан жұмысшыларына арнап он шақты баспана салуды жоспарлап отыр. Өйткені, еңбек еткен жандарға жағдай жасалу керек деп есептейді.

– Елімізде білікті технологтар жоқтың қасы. Тамақ пісіруге ебі бар, қарапайым адамдар келіп істеп үйренеді. Ал, негізінде мамандығын шыңдап отырған адамдар саусақпен санарлық. Кондитер болсын, нан технологы болсын, өзіміз үйретіп жатырмыз. Менің айтарым, үкімет тарапынан нанның бағасын өсірсе екен. Өйткені, ас атасын пісіретіндердің еңбегі зор. Қоқыс жәшігінен қарасаң, 4-5 келі нан жатады. «Тоқсан теңгеге төмендет» дейді. Ас атасы аяқасты жатады. Күннің ыстығы, асхананың ыстығы бар, сол жерде бел жазбай еңбек етіп жатқан адамдардың еңбекақысы 150 мың. Бұрындары тәулігіне екі жарым тонна ұннан нанның жиырма шақты түрін пісіретін едік. Қазір жағдай сәл өзгеше. Нан өндіріс саласында айтарлықтай проблемада жоқ емес, – дейді Жанұзақ Ниетәліұлы.

Тағы бір мәселе, күзден бері мұнда бидай тартылмаған. Өйткені, бізде бидай жоқ, өсіп кеткен. Амалсыздан, жоғары, бірінші, екінші сортты ұнды Орынбордан тасымалдап отыр.

Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтуге бел буып отыр. Арманы – еуропалық үлгідегі наубайхана салып, халыққа қызмет көрсету. Ал мықты деген наубайханалар қазір  Атырау, Ақтау қалаларында ашылып жатыр екен.

– Елімізде нан технологиясын жетік меңгерген мамандар жетіспейді. Өйткені елімізде кәсіби мамандар оқытылмайды. Қостанай қаласы әкімдігінен Қонай шағын ауданынан мемлекеттік бағдарламамен заманауи жақсы наубайхана салуға 50 сотық жер телімін сұрап отырмын. Ресейден болсын, технологтарды шақырып, бүкіл еліміздің мамандарын шақырып, үйретсем деген ойым бар. Өзім Қостанайдың ауылшаруашылық институтын бітіргенмін. Тағы бір, ұсынысым – қазір жоғары оқу орны жанынан ауылшаруашылық саласына қарайтын нан факультеті ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның бәрі, әрине, сөз жүзінде, – дейді білікті басшы.

Отандық өндірісті өрістетуге атсалысып жүрген Жанұзақ Бейсенәлі ағамыздың ісіне береке беріп, жоспарлаған ойы сәтті жүзеге ассын деген тілектестігіміз бар.