Астана күні қарсаңында Индер ауданындағы Жарсуат ауылының он отбасына жаңа баспана бұйырып, қуанышқа кенелді. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде көп балалалы отбасылар санатымен кезекте тұрған азаматтарға Халықтың әлеуметтік қорғау қорынан бес пәтерлі екі үй салтанатты жағдайда табыс етілді.
Салтанатты іс-шарада Индер ауданы әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев баспаналы болғандарды қуаныштарымен құттықтады.
– Көп жылдан бері баспана кезегінде тұрған Сіздер қоныстойға да жеттіңіздер. Шаңырақтарыңыз құтты, іші бақытқа толы болсын! Алдағы уақытта да баспана мәселесін шешу жұмыстары жалғаса беретін болады, – деді Әсет Самарханұлы.
Баспанаға ие болғандардың қатарында көп балалы ана әрі кезекті сәбиін күтіп жүрген Айымгүл Темірғалиқызы да бар.
– Бүгінгі күн біздің жанұямыз үшін ерекше күн болып отыр. Осындай қуанышқа бөлеп, баспаналы болуға жағдай жасаған аудан басшыларына, мемлекет басшысына аналық алғысымды білдіргім келеді. Өзім секілді баспанаға ие болған отбасыларға қуаныштарыңыз құтты болсын дегім келеді, – деді ол тебіреніспен.
Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі Қазақстандықтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін кешенді жаңғырту мәселесі ауданда осылай шешімін тауып келеді.