Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті болуы керек

0 17

Үкімет отырысында Олжас Бектенов Жаңа Салық кодексін дайындау ісі созылып бара жатқанын ескертіп, заңнаманың баршаға түсінікті болуын қадағалауды тапсырды.

Премьер-министр Үкімет алдында салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында маңызды міндет тұрғанын, оған жетудің ең оңтайлы жолы – барлық процесті барынша цифрландыру екенін атап өтті.

«Бұған дейін ұсынылған тәсілдерге қатысты орынды сын айтылған болатын. Бизнес пен қоғам бұл құжаттан оң өзгерістер күтуде. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек. Алайда Кодексті әзірлеу созылып барады. Бұл жұмысты жедел аяқтауды тапсырамын. Жаңа кодексте азаматтардың мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы мен әрекетсіздігіне, қосылған құн салығын қайтаруды кешіктіруге, мәмілелерді жарамсыз деп тануға және т.б. мәселелерге қатысты арыз-шағымдарын ескеру керек. Әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет», деді О.Бектенов.

Сондай-ақ биыл салық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау аяқталады. 14 жүйенің орнына тек 5 жүйе жұмыс істейді.

«Біз түбегейлі жаңа бірыңғай цифрлық жүйені әзірлеп жатырмыз. Ол өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде бизнесті сүймелдеудің сервистік моделіне айналады және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай азайтады», деді Қаржы министрі.