Жамбыл облысында жылқылар чиптеліп жатыр

0 6

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жамбыл облысында 2025 жылы ауылшаруашылығы санағын өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда өңірдегі ауылшаруашылығының жай-күйіне және нақты көрінісіне толық көз жеткізу үшін ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары жалғасуда. Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевтың айтуынша, сиыр, ешкі, қой, түйе сияқты малдар мемлекет есебінен тегін бірдейлендіруде.

Жылқыларды чиптеу мал иесінің есебінен жүзеге асырылады. Бұрын бұл қызметтің құны 1200 теңгені құраған. Бүгінде баға 350 теңгеге дейін төмендеді. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде шаруалар таңбалаудың электрондық тәсілін қолдады.

Жақында Меркі ауданындағы «Ар-Ас» шаруа қожалығы 350 жылқыны чиптеді.

– Чиптеудің арқасында біз енді малдың барлық мәліметтерін біліп, жылқылардың қозғалысын бақылайтын боламыз, — дейді шаруашылық басшысы Арнас Есбаев.

Өтініштер Шу ауданының шаруаларынан да келіп түсті. Мұндағы жеке қосалқы шаруашылықтарда 150-ге жуық жылқы чиптелді.

– Жылқыларды чиптеу жүргізілетін Дулат ауылдық округі республикалық тас жолдың бойында орналасқан. Ауылшаруашылығы жануарларын чиптеу – жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға көмектеседі және мал ұрлығының алдын алудың тиімді шарасы. Чиптің құны өте арзан, сондықтан шаруаларды осы жұмысты белсенді жүргізуге шақырамын, — дейді Шу ауданы фермерлер одағының төрағасы Айтмұхамбет Айтжанов.

Мұндай шаралар облыстың барлық аудандарында жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 173129 жылқы чиптелді.

– Чиптеу жүйесі елдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет, ол мал басының есебін және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын мақсатты түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл процедура малда болуы мүмкін ауруларды мүмкіндігінше ерте анықтауға, жоғары сапалы өнім алуға ықпал етеді. Сондай-ақ әр жануарды бақылауға, ветеринариялық көмекті дер кезінде көрсетуге, мал ауруларының алдын алуға, диагностикалау бойынша іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға септігін тигізеді. Сонымен бірге мал өлген жағдайда, заң аясында ауылшаруашылығы жануарларының иелері өтемақы ала алады, — дейді Бақыт Бетбаев.