Жамбыл – инвестициялық жобалар шоғырланған аймақ

0 12

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісті, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру бойынша өңірде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 4,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп (0,8 пайыз), құрылыс (22,6 пайыз), тұрғын үй (3,5 пайыз), сауда (2,5 пайыз), көлік (13,6 пайыз) және байланыс (8,8 пайыз) салаларында оң динамика қалыптасты.

Жалпы өнеркәсіп саласында 727,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде қосылған құны жоғары тауарларды дамыту және қолда бар шикізатты пайдалану басты басымдық болып қала береді.

Экономикадағы өңдеуші сектордың үлесі 65,4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің екі негізгі өсу нүктесі – химия және құрылыс индустриясы болып табылады. Жыл басынан бері Жамбыл химия өнеркәсібі 212 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, облыс экспортының 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті, ал еліміздің химия өндірісіндегі оның үлесі 24 пайызға жуықтады.

Сондай-ақ өңірде 13 миллиард тонна қоры бар 48 фосфорит кен орны ашылды. Жалпы республика бойынша облыс кәсіпорындары 100 пайыз фосфор, 81 пайыз минералды тыңайтқыштар өндіреді. 2030 жылға қарай жылына 1 миллион тоннаға дейін тыңайтқыштар мен жоғары деңгейде өңделген өнімдердің премиум санаттарын өндіруді жолға қою жоспарлануда.

– Құрылыс индустриясы да экономиканың негізгі драйверінің бірі десек, еліміз бойынша гипстің 87 пайызы, портландцементтің 13 пайызы өңірдегі өндіріс ошақтарынан шығарылады. Қазақстандағы гипстің барланған қоры (50 миллион тонна) бойынша ең бай кен орны «Үлкен-Бұрылтау» Жамбыл облысында орналасқан. Биыл «Korcem» ЖШС цемент шығаратын жаңа зауытты (қуаты – 1,5 миллион тонна) іске қосты. Бұл өндірілетін цемент көлемін 3 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді спикер.

Жалпы құрылыс материалдарына сұраныстың артқанын ескере отырып, келесі жылы «Alit Holding» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын (қуаты – 150 мың тонна), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС гипсокартон шығаратын (қуаты – жылына 22 миллион шаршы метр) зауыт құрылысын бастайды. Жобаларды жүзеге асыру өнім ассортиментін 12 атауға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Жамбыл облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасуда, мұны өнеркәсіп саласы мен жаңартылатын энергия көздеріндегі ірі жобалар айғақтайды. Жыл басынан бері облыс экономикасына 370,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Инвестициялық қоржында 6,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 3,3 триллион теңгенің 80 жобасы бар, оның он тоғызы (2,8 триллион теңге) шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асады. Атап айтқанда, ірі серіктестердің қатарында «Qazaq Soda» (кальцилендірілген сода), «EuroChem» (минералды тыңайтқыштар), «Knauf» (гипсокартон), «Shagala mining» (мыс өндірісі) бар.

Он айдың қорытындысы бойынша 149,7 миллиард теңгеге 21 кәсіпорын іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи инновациялық технологияларды енгізуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық берілді.

Еліміздегі жаңартылатын көздерден алынатын электр қуатын ең ірі жеткізушілердің бірі – Жамбыл облысы. Шетелдік компаниялармен ынтымақтастық энергетика саласында жаңа перспективаларға жол ашады. «Total Eren», «Masdar» және «China Power» сияқты әлемдік жетекші компаниялар жалпы қуаты 2,5 ГВт жел электр стансасын салу бойынша жобаларды іске асыруда. Жақында «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында 54 миллиард теңге инвестиция салуды көздейтін «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды, онда жел генераторларына қажетті құрал-жабдықтар өндіріледі.

Өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында бірден бірнеше экономикалық және индустриялық аймақ жұмыс істеуде, қолданысқа берілетін алаңдарға мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылым жүргізілген. Сондай-ақ металлургия зауытының құрылысы (367 миллиард теңге), американдық технологияны пайдалана отырып, натрий цианидін өндіру (50 миллиард теңге), желатин өндірісі (7,8 миллиард теңге), өнеркәсіптік кремний өндірісі (26,4 миллиард теңге) секілді инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.

«Тараз» индустриялық аймағының аумағында 1,3 мың жұмыс орнын құра отырып, 137 миллиард теңгеге 15 жобаны жүзеге асыру көзделген. Аймақ аудандарында өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту жолымен экономиканы әртараптандыру мақсатында 180 гектарға субаймақтар құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ағымдағы жылы инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция жобаларды сүйемелдеумен айналысады, оның сегізін жақын арада іске қосу күтілуде.

Сонымен қатар баспасөз конференциясында облыс әкімі ауылшаруашылығы саласының әлеуеті мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. Ағымдағы жылы ауылшаруашылығы саласын субсидиялауға 24,6 миллиард теңге бөлініп, салаға 14,9 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.

Өңірде қант қызылшасынан басқа барлық дақылдар бойынша егін жинау науқаны аяқталып, 3,6 миллион тонна өнім алынды. Оның ішінде 600 мың тонна қант қызылшасы жиналып, орташа өнімділігі гектарына 650 центнерді құрады. Үстіміздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша 26,2 миллион АҚШ доллардың 134 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталды (2023 жылы – 18,2 миллион АҚШ долларына 53 мың тонна).

Биыл ауылшаруашылығы техникасын лизингке беру бағдарламасы іске қосылып, 3,2 миллиард теңгеге 244 бірлік техника сатып алынды. Нәтижесінде жаңғырту деңгейі 8 пайызды құрады. Жыл басынан агроөнеркәсіп кешенінде 10,8 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске қосылып, 163 жұмыс орны ашылды. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту аясында 1913 басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуда. Олар 2025 жылы пайдалануға беріліп, жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға ұлғайтады. Сондай-ақ тағы 5 замануи көкөніс сақтау қоймасын (сыйымдылығы 32 мың тонна) іске қосу көзделген.

Бұдан бөлек, жалпы сомасы 8,5 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиялары, тері мен жүнді өңдеу, алма шырынын, балалар пюресін, балық және үй жануарлары азығын, фри картобын өндіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарланған. Қытайлық «Fufeng Group» компаниясымен бірлесіп, 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін еліміз үшін бірегей жобаны жүзеге асыру басталды.

Брифинг барысында облыс әкімі Президенттің суармалы егістік алқаптарын ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да ақпарат берді. Аймақ басшысының айтуынша Халықаралық банктердің несиесі есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша 6 ауданда ұзындығы 608 шақырымды құрайтын 183 канал қайта жаңғыртылып, нәтижесінде 47,5 мың гектар суармалы алқаптың сумен қамтылу деңгейі артқан.

Сондай-ақ 55,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Өңірде «Kazakh Industrial Stroi» (ҚХР) кәсіпорны каналдарға арналған бетон жабындарын, ал «Kazkaspi Hydro» (ҚХР) тамшылатып суару жүйелерін, «Ans Plast» (Қазақстан) спринклерлік жабдықтар мен ПВХ құбырларын шығаруды қолға алынды.

Брифингте облыс басшысы өңірдегі тұрғын үй құрылысы білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, туризм, ауылдық елді мекендерді газдандыру, жұмыспен қамту, жол құрылысы, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары туралы да хабардар етті.