Жамбыл – Франция байланысы жаңа деңгейге көтерілуде

0 3

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған делегация Франция Республикасына жұмыс сапарымен барып, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып қайтты. Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған сапар барысында жамбылдық делегация өнеркәсіп, су шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізді.

Сапар аясында делегация Орлеан қаласында өткен Франция минералдық өнеркәсібі қауымдастығының (SIM 2025) 74-ші халықаралық конгресіне қатысты. Жиын барысында тау-кен, металлургия және геология салаларындағы жетекші ұйымдармен кездесулер өтті. Атап айтқанда, A3M федерациясы, Ұлттық геологиялық қызмет (BRGM) және әйгілі «Mines Paris – PSL» инженерлік мектебінің өкілдерімен байланыс орнатылды. Келіссөздер барысында пайдалы қазбаларды тұрақты өндіру, геологиялық деректерді цифрландыру, төмен көміртекті технологиялар мен ғылыми тәжірибе алмасу мәселелері басты назарда болды. Париждегі Қазақстан Елшілігінде халықаралық «Imerys» корпорациясының басшылығымен кездесу өткізілді. Пайдалы қазбалар нарығында көш бастап тұрған бұл компания Жамбыл өңірімен ықтимал серіктестік орнатуға мүдделілік танытты.

Сондай-ақ, Жамбыл делегациясы Парижде бірқатар жетекші француз компанияларымен маңызды кездесулер өткізді. Атап айтқанда, «HydroPlus» компаниясымен су қоймаларын жаңғырту және су тасқынынан қорғану жүйелерін жетілдіру жайы сөз болды. Компания өздерінің «Fusgate» технологиясын өңірде енгізуге қызығушылық танытты. «Freyssinet» компаниясымен спорт инфрақұрылымын дамыту, атап айтқанда стадиондарды қайта жаңғырту жобалары талқыланды. «Aden Group» компаниясымен өнеркәсіптік аймақтарға инфрақұрылым тарту мәселелері қаралды.

Ал әлемге әйгілі «Alstom» компаниясы Шу қаласындағы колледж базасында теміржол мамандарын даярлайтын оқу орталығын құруға ниетті екенін білдірді. Сол секілді «Saint-Gobain» компаниясына құрылыс саласында техникалық кадрларды дайындауға арналған оқу орталығы ашу ұсынылды.

Жамбыл делегациясы Францияның Овернь–Рона–Альпі өңірінде орналасқан «Vicat» компаниясының Монтальё-Версьё қаласындағы цемент зауытында болды. «Vicat» – өңіріміздегі ең ірі инвесторлардың бірі. Жылына 1,5 миллион тонна өнім өндіретін «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» жобасына 350 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салғаны белгілі.

Сапар барысында өңірлік өнеркәсіп палатасы, «Medef» кәсіпкерлер қауымдастығы, сондай-ақ «Poma» және «Berthoud» компанияларымен қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Жиындарда сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңіріміздің минералды-шикізат ресурстарына бай, географиялық тұрғыдан тиімді аймақ екенін атап өтіп, инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді.

– Жамбыл облысы мен Франция арасындағы серіктестік бірнеше бағытта сәтті жүзеге асып келеді. «Vicat», «TotalEnergies», «Alstom» және «Saint-Gobain» сынды алпауыт компаниялар өңірімізде бірқатар жобаларды іске асырды. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асты. Біз осындай сенімді әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделіміз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жұмыс сапарының нәтижесінде тараптар инвестициялық, ғылыми-техникалық және кадр даярлау салаларында ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келді.

Бұл сапар Жамбыл өңірінің Еуропа нарығындағы беделін арттырып, аймақ экономикасына тың серпін беретіні анық.