Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын атап көрсете келіп, «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын», деген болатын. Осыдан кейін 2020 жылдың 19-желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 2020 жылдың 31-желтоқсанында қолданысқа енгізілді.
Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Енді полиция қылмысты ашады, оған қатысты тұлғаларды анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді. Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, азаматтардың қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермейді, сотта мемлекеттік айыпты қолдайды. Ал сот органның әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және түпкілікті шешім қабылдайды. Аталған қылмыстық процестің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтарының дер кезінде қорғалуын қамтамасыз етеді және халықаралық стандарттарға сай келеді.
Осы орайда жаңа заң аясында прокуратураның функционалдық міндеттері күшейтіліп, қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімімен және бекітуімен қабылдануда. Енді күдікті деп тану, оның іс-әрекетін саралау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, бұйрықтық іс жүргізуді, теріс қылық хаттамасын және қылмыстық істі тоқтату туралы шешімдер прокурормен келісіліп, бекітілгеннен кейін заңды күшіне енеді.
Жаңа форматтағы жұмыстың оңтайлы жүзеге асырылуына Талас ауданы прокуратурасы мен полиция бөлімінде барлық жағдайлар жасалған, полиция қызметкерлері қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Жаңа заң талаптарын тиімді қолдану нәтижесінде ағымдағы жылдың өткен кезеңінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ. Бұл жаңа заңның тиімділігін көрсетеді.
Қазір аудандық прокуратура жаңа заңның мүлтіксіз сақталуына бағытталған барлық іс-шараларды тиісті деңгейде атқаруда.