Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимаратында жастарды қолдау жөніндегі кеңейтілген кеңестің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Әбдуалиева, қалалық және аудандық кеңестің мүшелері, белсенді жастар қатысты.
Отырыста өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.
– Бүгінде аймақта 14 пен 35 жас аралығындағы 351000 жас тұрады. Жастар санатының жасы ұлғаюына байланысты өткен жылмен салыстырғанда 90 мың жас қосылды. Олардың ішінде 133 мыңы қалалық жерде, 217 мыңы ауылдық елді мекенде тұрады. Жұмыспен қамту басқармасынан алынған мәлімет бойынша 36000 өреннің әлеуметтік картасын анықтау үшін адрестік талдау жұмыстарын жүргізудеміз. Талдау нәтижесінде кей жастардың жұмыссыз ретінде тіркелген немесе мүлде тіркеуі жоқ екендігі анықталды. Үкімет тапсырмасы бойынша, сәуір айының аяғына дейін осы тараптағы жұмыстарды толық аяқтауымыз қажет, – деді Ж.Зұлпыхар.
Сондай-ақ басқарма басшысы жастарды несиелендіруге қатысты ақпараттармен қамтамасыз ету керектігін де айтты.
– Жастар тарапынан несиелендіру бойынша 225 өтініш келіп түсті. Индикатор бойынша Қордай ауданынан – 45, Байзақ ауданынан – 37, ал қалған аудандардан 10-15 өтініштен түсіп жатыр. Тараз қаласы бойынша жұмыс нәтижесі төмен, тек 37 өтініш келіп түсті. Ал бізде несиелендіруге 103 орын бар. Одан бөлек аудан бойынша жастарға ауылшаруашылыққа байланысты несие тұрақты бөлінуде. 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңгеге дейін қаржы бес жылға беріледі. Ауылшаруашылығына байланысты биыл 20 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жастар ауылшаруашылығы бағытында несие алып, өз кәсібін ашса жақсы емес пе?! Жұмысты жандандыру үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен де тұрақты жұмыс істеңіздер. Үлкен кісілер газетті жібермей оқиды, өз аудандарыңыздағы газеттерге қысқаша мақала жариялаңыздар. Қызыққан адам сол бойынша несиелендіруге қатысады. Бұл ақпараттандыруға септігін тигізетіні анық. Әлеуметтік желімен де тұрақты жұмыс істеу керек. Өткен іс-шараларды жариялаңыздар, несие жайлы ақпараттандыруды қолға алыңыздар, – деді Жомарт Зұлпыхар.
Жиында «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені де айтылды. «Тұрғын үй үшін берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін өсті. Бұрын тек бес санат қатысатын болса, енді алтыншы санат ретінде діни зерттеу орталығының қызметкерлері қатыса алады. Еңбек өтілі мен алғашқы жарнаны төлеу ендігі кезекте есептелмейді. Жас отбасыларды қолдау үшін бала саны мен неке жылдарына баса назар аударамыз. Айта кететін жайт, коммуналдық-мемлекеттік мекемелер қызметкерлері бағдарламаға қатыса алады. Олар денсаулық пен спорт саласына қосылып отыр. Білім саласынан жекеменшік балабақша қызметкерлері де бағдарламада бағын сынап көре алады. Ал журналистика саласынан республикалық БАҚ-та қызмет ететін жергілікті тілшілер де қатыса алады, тек жасы 35 жастан аспау керек, – деді Жомарт Дүйсенұлы.
Сонымен қатар жиында жастар арасында отансүйгіштік рухты тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, 2022-2025 жылдарға арналған бірлескен кешенді жоспар талқыланды. Құқық бұзушылық және суицидтің алдын алуға арналған іс-шаралар есебі тыңдалды.
Жұмыстарды саралаған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жастарды, оның ішінде ауылдық жерлердегі және NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.