Премьер-министр Олжас Бектенов Әзербайжанның Астанадағы елшілігіне барды.
Үкімет басшысы Ақтау қаласының әуежайы маңында “Az Airlines” әуе компаниясына тиесілі “Embraer 190” ұшағының апатына байланысты ашылған көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
«Бұл қиын сәтте Қазақстан Үкіметінің және өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, апат салдарынан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін, Әзербайжан халқына сабыр мен төзімділік тілеймін. Біз бауырлас Әзербайжанға тиісті көмек қолын созып, жан-жақты қолдау көрсетеміз», деп жазды Олжас Бектенов.
Бұған дейін Премьер-министр қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына көңіл айтып, зардап шеккен Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған еді.