Тұшпара түйіп, табыс тапқан

0 6

Жас кәсіпкерлер қатары жыл санап артып келеді. Мұның барлығы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың жемісі екені белгілі. Оны көп жастар тиімді пайдаланып, жаңа кәсіп ашып жатса, солардың бірі табыс әкеліп тұрған кәсібін кеңейтіп, жұмыс көзін арттыруда. Мәселен, қордайлық Меруерт Апсеметова өткен жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында 1380000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болып, жартылай дайын фабрикатты өнім шығаратын шағын цехын іске қосты.

Ол аспаздыққа қызығушылығын табыс табуға айналдыруды көздейді. Бұл идея бала күтімінде отырған кезде келіпті. Ауыл тұрғындарының консерванттарсыз, табиғи таза өнімнен дайындалған жартылай фабрикаттарға деген сұранысы жоғары екендігін байқап, тапсырысқа тұшпара, мәнті түюді бастайды.

– Жартылай дайын өнімдерді жасап жүргеніме төрт жылдай болды. Аудан орталығында азық-түлік дүкеніміз бар. Бастапқыда жасаған өнімдерді сол дүкенге алып барып өткердім, кейін көршілерім де тапсырыс беретін болды. Уақыт өте келе сұраныс арта берді. Өйткені, дайын тағамдар әсіресе, жұмысбасты адамдарға ыңғайлы, уақытты үнемдейді. Өткен жылы кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант жайында анықтап, өтінім беріп, бизнес жобамды сәтті қорғап шықтым. Түскен қаржыға электрлік еттартқыш, үш мұздатқыш сатып алған болатынмын. Қазір жұмысымды жолға қойып, ісімді жүргізіп, қасыма қосымша жұмысшы алып отырмын, – дейді ол.

Бүгінде «Ням-ням» сауда маркасымен шығып жатқан өнімдер өз тұтынушыларын жоғары сапасымен әрі қолжетімді бағасымен қуантуда. Цехта Меруерт Сайлаубекқызынан бөлек, тағы төрт адам жұмыс істейді. Аспаздар тұшпара, орама, варениктер, фарш қосылған бұрыш, тефтели, самса сынды тағам түрлерін дайындайды. Күнделікті жасалған тағамдарды тұрғындар әп-сәтте-ақ сатып алып кетеді. Одан бөлек, аптасына бір рет аудандағы дүкендерге өткізіп тұрады.

«Барлығын қолдан түйеміз, химиялық қоспаларды қолданбаймыз. Тұтынушыларға сақтау мерзімі қысқа, жаңадан мұздатылған өнімдерді ұсынамыз. Бізден жартылай дайын өнімдерді алған адамдар жиі жақсы пікірлерін айтып, тағы тапсырыс беріп жатады. Тапсырыс берушілерден естіген алғыс пен мақтау бізді үздіксіз алға жылжуға, жаңашылдыққа ұмтылуға, кәсіби өсуге жетелеп келеді, – дейді кәсіпкер.

Меруерт Апсеметова бүгінде алты ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Мақсаты айқын, болашаққа нық қадам басқан көпбалалы ана кәсібін одан әрі дамытуды армандайды. «Тапсырыстар көп болғандықтан, кейде әрең үлгеріп жатамыз. Болашақта цехты кеңейтіп, жұмыс барысын тездетуге көмек болатын қамыр илегіш, жаймалау станогы сынды қажетті жабдықтар алсақ деген жоспар бар», дейді Меруерт.