«Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасына» қарасаңыз облыс орталығы бұданда өсіп, көркейіп ұлғая түсетін көрінеді. Әлбетте, бұл үшін бірінші өндіріс қанат жаюы керек. Қолдағы мәліметке қарағанда былтыр өнеркәсіп көлемінің жоспары 463,6 миллиард теңге болса, 462,7 миллиард теңгеге орындалған. Әрине, бұл жетістікке қаладағы іргелі кәсіпорындар үлес қосқан. Биылғы меже де ауқымды, 483 миллиардқа жеткізу жоспарланыпты. «Тараз» индустриялды аймағында 2024-2026 жылдары жеке инвесторлар тарапынан 82,1 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылатын көрінеді. Енді бұл сөз жүзінде қалмай, іске асып, оның игілігін тараздықтар көруі тиіс. Өйткені, алаулатып-жалаулатып ашылған кейбір жобалар ізім-қайым «жоғалып» жатады.
Былтыр құрылыс жұмысы 72,8 миллиард теңгеге жоспарланып, 74,1 миллиард теңгеге орындалған. Ал биылғы жоспар 80,1 миллиард теңге көрінеді. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы былтыр жоспар бойынша 355 мың шаршы метр болып межеленсе, 358,4 мың шаршы метрді құрапты. Биыл 372,7 мың шаршы метрге дейін ұлғайту жоспарланған. Қаланың даму картасында 2023 жылы бюджет есебінен 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынуы тиіс болған. Былтыр Сүлейменов көшесінің соңындағы 12 тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, Асқаров көшесіндегі 16 көпқабатты тұрғын үй 2024 жылға өтпелі екен. Биыл Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-шағын ауданнан 34 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін көрінеді. «Автобекет» маңындағы 14-шағын ауданда 22 тұрғын үйдің құрылсын жүргізу бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы алынып, републикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 30 тұрғын үйдің құрлыс жұмыстарын бастау да жоспарда бар көрінеді. Бүгінде жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қортындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім берілмек.
Мердігердің жеке қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып, өткен жылы 7-еуі пайдалануға берілсе, қалған 11 үйдің құрылысы жүргізілуде екен. Орталық көшелердегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жақсарту да жоспарланыпты. Биыл Төле би даңғылы бойындағы 11 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделетін көрінеді. Жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, алдағы уақытта өтетін бюджетті нақтылауда қаржы қарастырылады екен. Ал алдағы жылы 13 үйге осындай жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.
Тараз қаласының келбетін бұзып, көркін тайдырып, сүреңсіз күйге түсіріп тұрған «сақалды» құрылыс туралы мерзімді басылымдарда әркез жазылып та, қала тұрғындары тарапынан көтеріліп те келеді. Осындай 32 нысанның 16-сы құрылысы аяқталса, 9-ын құрылы-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Алайда, 7 құрылыс әлі де қаржы тапшылығынан «мүлгіген» күйінде тұр. Қалалық әкімдік тарапынан осындай нысандардың иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау, сырт көрінісін реттеп, қоршап, құжаттарын ретке келтіру туралы ескертулер берілген. Талай жылдан бері айтыла, жазыла «жауыр» болған Қ.Тұрысов көшесінің бойындағы көпқабатты ғимарат қолға алынып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл нысан құрлысы аяқталған соң, мектеп және жатақхана ретінде пайдалануға бермек екен.
Облыс орталығында құрылыс, оның ішінде көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Тіпті, тоғыз қабаттан да жоғары үйлер санынатын көрінеді. Дұрыс, пәтер жағалап, үйсіз-күйсіз жүрген талай отбасы баспаналы болады. Алайда, мұның екінші жағы бар. Тараз қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Көпқабатты тұрғын үй салуға басымдық бергенде осы жағы ескерілді ме? Былтыр ақпан айында Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде «Бір қозғалған жер, қайта сілкінеді» деп Тараз қаласында қанша балға дейін жер сілкіну қаупі бар, сілкіністің зардабы қалай болады, апаттан қорғану жайлы арнайы мамандардың пікірін келтіріп, өзекті мәселені келтіріп мақала жаздық. Қала билігінен де, басқа тиісті мекемелерден де жауап болмады. Айдың күннің аманында жау шақырып отырғанымыз жоқ. Бетін аулақ қылсын, дегенмен тұрғын үй құрылысы, басқа да нысандардың құрылысын жобалағанда бірінші қанша балл жер сілкінісіне төтеп беретіні ескерілуі тиіс. Несін жасырайық, кеңес заманындағы құрылыс нысандары мен тәуелсіздік жылдарындағы құрылыстың сапасы жер мен көктей.
Амангелді ӘБІЛ