Теміржол саласында 4 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр

0 6

Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразия құрлығында транзиттік хабқа айналдыру жөнінде тапсырма бергені белгілі. Соған байланысты теміржол саласында 1300 шақырымды құрайтын 4 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Достық – Мойынты және Алматы айналма жобасы, Дарбаза – Мақтарал және Қытай елімен қосатын Аягөз – Бахты теміржол өткелі салынуда. Жоспар бойынша екі жоба, яғни, Достық – Мойынты және Алматы айналма жобасы биыл бітіп, қолданысқа беріледі.

– Мемлекет басшысының кеңейтілген Үкімет отырысында берілген тапсырмасына сәйкес, Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ұзындығы 366 шақырым болатын «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісі салына бастайды, бұл ТрансКаспий Көліктік Халықаралық Маршрутты 150 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, инфрақұрылым қуаттылығын арттыру және өткізу қабілетін кеңейту мақсатында 700 шақырым болатын «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады, – деді спикер.

Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1200 шақырымды құрайтын «Қызылжар-Сексеуіл», «Шалқар-Бейнеу» учаскелерінде автоблоктау жаңа  жүйелері енгізіледі. Жоғарыда айтылған жобаларды осы жылдың сәуір айында бастау жоспарланған.