Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мәселесі қаралған Үкімет отырысынан кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына және халқымызға «қазақ» атауының қайтарылғанына бір ғасыр толды. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуы тиіс» деп ерекше атап өтті. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Бұл бастама барша Сыр жұртшылығына артылған сенім және абыройлы міндет екенін түсінуіміз қажет. Құрылтайдың кезекті отырысын Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде өткізудің тарихи тұрғыдан маңызы зор. Дайындыққа осы бастан кірісіп, құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек.
Облыстық қоғамдық даму басқармасына Ұлттық құрылтай отырысын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобын құруды тапсырамын. Жұмыс тобының құрамына облыс әкімінің орынбасарларын, басқарма, департамент басшыларымен қатар зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдерін, тарихшы ғалымдарды қосу қажет. Топ жұмысын үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановқа жүктеледі, – деді Н.Нәлібаев.