Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күнгі күрделі мәселе болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Мемлекеттің дамуына үлкен кедергі келтіретін бұл қоғамдық кесел турасында ата-бабаларымыз «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп дөп басып айтқан. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігіне ғасыр қайраткерлері Төле би, Әйтеке би және басқа да біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы екені және жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қауіп екендігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын болмауы тиіс. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға отыз жылдай уақыт болып қалды. Мемлекетіміз қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыт туындатқан әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы, осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейдегі жауапкершілікпен іске асырылуы тиіс.