Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосу барысында көктемгі дала жұмыстары науқанының қорытындысы қаралды.
Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірдегі көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Дегенмен, Т.Рысқұлов, Шу, Меркі, Сарысу аудандарында ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспары белгіленген межеде аяқталмаған. Аудан әкімдіктерінің соңғы ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, облыстағы 611,1 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 188,9 мың гектар жаздық масақты дақылдар, 19,3 мың гектар көкөніс, 29,3 мың гектар көпжылдық шөп, 35,2 мың гектар майлы дақылдар, 10,8 мың гектар алқапқа қант қызылшасы, 4,6 мың гектар бақша дақылдары, 3,2 мың гектар картоп және 11,7 мың гектар алқапқа дәндік жүгері егілді. Биыл 44 мың тонна тұқым дайындалып, толық себілді.
Көктемгі дала жұмыстарына 7506 ауылшаруашылығы техникасы қатысты, 9,2 мың тонна дизель отыны шаруаларға таратылды. Бүгінгі күні 169,1 мың гектар алқапқа 42,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар (жоспар 53,3 мың тонна) енгізілді.
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы аясында 95 шаруаға несие қаражаты берілді. Ағымдағы жылы өздігінен жүретін 491 ауылшаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 254-і алынып, жаңару көрсеткіші 2,8 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Өткен жылы су үнемдеу технологияларының алаңы 40 мың гектарды құраған. Биыл 7 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы бұл көрсеткішті 47 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Бүгінге дейін 6,3 мың гектар алқапқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі енгізілді.
Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу және дизель отынымен қамту, өздігінен жүретін ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша төмен көрсеткіштер қалыптасқан аудан әкімдерінің есебін тыңдады.
– Статистикалық мәліметтер нақты әрі тұрақты бақылауда болуы керек. Болмағанды болды деуге жол берілмейді. Біз тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуіміз қажет. Ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласына жіті көңіл бөлгеніміз жөн. Жеміс-жидек пен көкөністен мол өнім аламыз. Бірақ, оны өңдейтін өндіріс жоқтың қасы. Бұл кемшіліктің орнын толтыру мақсатында инвестициялық жобалар қолға алынады. Шаруаларды тиімді қаржыландыру, ескірген техниканы жаңарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Өңірде техника тапшылығы болмау керек, – деген Ербол Қарашөкеев ауылшаруашылығы басқармасы басшысының алдына нақты міндеттер қойды.