«ҚазФосфат» ЖШС-не қарасты «Көктал» шипажайына инвесторлардың демеушілік көмегімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жаңғыртылған нысанға облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев және аудан әкімі Қанатбек Мәдібек арнайы келіп, атқарылған жұмыстардың сапасын көріп, ем қабылдаушыларға арналған қызмет түрлерімен танысты.
«Көктал» шипажайы 1968 жылы пайдалануға берілген. Күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 1978 жылы жүргізілген көрінеді. Шипажайды қайта жаңарту туралы ем қабылдаушылар тарапынан ұсыныс-тілектер айтылған болатын. Енді, міне, инвесторлардың көмегімен мәселе оң шешімін тауып отыр. Шипажайдың бас ғимаратына қатты жабынды төселіп, балшықпен емдеу кешені, жатын бөлмелер, кәріз және су құбыр жүйелері, асхана, жаттығу залы жаңартылды. Сонымен қатар көрсетілетін сауықтыру қызметтерінің спектрін кеңейтуге мүмкіндік беретін медициналық жабдықтар сатып алынды. Қайта жаңғырту жұмыстарына небәрі екі жарым ай уақыт кеткен. Шипажай қызметкерлерінің айтуынша, қазір онда емделушілер болғандықтан, құрылысты жедел жүргізуге тура келген.
Бұған дейін «Көкталға» 60 адам келіп ем алса, енді олардың саны екі есеге өсті. Жолдама арқылы ем алуға келушілерге шипажайда балшықпен емдеу, бальнотерапия, физиотерапия, урология, гинекология, буын сырқырауы сынды жиырмадан астам ауру түріне емдеу-сауықтыру қызметін көрсетеді. Мұнда қазіргі таңда 50-ге жуық адам жұмыс жасайды.
– «Көктал» шипажайы заманауи үлгіде жаңарды. Бес ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді. Жатын бөлмелер талапқа сай жаңарды. Келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен бөлмелерден теледидар мен тоңазытқышты да көруіңізге болады. Шипажай ауласын да абаттандырып, сәндік ағаш көшеттерін отырғыздық.
«ҚазФосфат» жұмысшылары 15 мың теңгеге жолдама алуына болады. Қалған қаражат кәсіподақ есебінен төленеді, – дейді шипажай қызметіне байланысты пікір білдірген «Шолақтау» тау-кен өндеу кешенінің өндіріс басшысы Құдияр Омаров.