Сапасы мен мерзімін қатаң қадағалауды тапсырды

0 5

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласында жүргізіліп жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен танысып, олардың уақытында, сапалы салынып, іске қосылу мәселелерін пысықтады.

Аймақ басшысы алдымен «Қан орталығы» маңынан басталатын Қопа көлі жағалауының Кенесары көшесіне дейінгі аумағын көркейту бойынша атқарылатын жұмыстар жоспарымен танысты. Бұл аралықтағы құрылыс Қопа көлінің жағалауын көркейту бойынша атқарылатын жұмыстардың екінші кезеңі болып табылады. Жобаны жүзеге асыратын мердігер компания ­«Мейр-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Жағалауды көріктендіру бағытындағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2,9 миллиард теңгеге бағаланған болса, 2023 жылы облыстық бюджеттен 61 миллион теңге бөлініп, оған қажетті материалдар сатып алынып, тиісті жұмыстар атқарылыпты. Бүгінде бұл мердігер компаниямен келісімшарт бұзылып, қалған жұмысты «BI-Group» компаниясы өз қаржысы есебінен аяқтайтын болыпты. Оларға қаржыны кейін «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамы төлейтін көрінеді. Енді жобаны толық аяқтауға 2,8 миллиард теңге қажет.

Жағалаудың құрылыс-монтаж жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілетін аумағы 1,7 шақырымды құрайды. Оны іске асыруға 10 ай уақыт берілген. Жоба бойынша екі жақты жарықтандыру, жаяу жүргіншілер мен бір жақты велосипед жолдарын, бағдаршам орналастырылған қиылыстар, көгалдандырылған алаңдар салу және тиісті су, электр, кәріз жүйелерінің желілерін орнату жоспарланыпты. Облыс әкімі жобаны толық іске асырып, аяқтауға келіскен мердігер компанияға және бизнес өкілдеріне алғысын білдірді. Сонымен бірге, жобаның жүзеге асырылу барысы үш жақты келісім-шарт негізінде қадағаланатынын ескертті. Бұл жобаның қала тұрғындары үшін өте маңызды екендігін айтып, жұмыстың сапалы әрі жауапкершілікпен атқарылатындығына сенім білдірді.

Бұдан әрі аймақ басшысы Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан екі жаңа мектептің құрылысын көруге барды. Білім ошақтары ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында тапсырылуы тиіс. «УК Строй» серіктестігі мердігер болып табылатын 1500 орынды мектеп жобасының құны 6,9 миллиард теңгені құрайды. Серіктестік директоры Манат Мусиннің айтуынша, қазіргі уақытта мектептің 9 блогында тоғыз бригада жұмыс істеуде. Бүгінде білім ордасының екінші қабаты көтеріліп жатыр. Жиһаздары мен қажетті құрал-жабдықтарына тапсырыс та беріліп қойылған. Аймақ басшысы мердігер компания директорына құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынын арттырып, нысанды белгіленген кестеден кешіктірмей, іске қосуына тапсырма берді. Мектепке келетін жолдың да жобасының қаржысын есептеп, бір көзден алатындай ертерек қарастыру тапсырылды. Сарыарқада салынып жатқан мектептің енді бірін «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан бұл жобаның құны 6,6 миллиард теңгені құрайды. ­

– Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 60 адам жұмыс істеуде. Алдағы күндері жұмыс күшін 250 адамға дейін жеткізіп, екі ауысыммен жұмыс істейтін боламыз, –деді мердігер компания өкілдері. Бұл ретте, аймақ басшысы құрылыс жұмыстарына қала тұрғындарын алып, оларды еңбекпен қамтуды тапсырды. Сондай-ақ жұмыс қарқынын күшейтудің маңыздылығын ескертті. Байқағанымыздай, құрылыс материалдары толық сатып алынып, жеткізілген екен. Кірпішпен «Енки» серіктестігі қамтуда. Әзірге мектептің іргетасы қалануда, жиһаздары мен қажетті құрал-жабдықтарына да тапсырыс берілген. Айта кетсек, аталмыш мердігер компания биылғы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға Вернадский көшесінің бойында көпқабатты төрт тұрғын үй салатын болады.

Сонымен бірге, Марат Ахметжанов қала әкімі Бауыржан Ғайсаға жаңадан салынып жатқан мектептерге келетін автобустардың тоқтайтын аялдамаларын қазірден белгілеп, жолдың жайына ертерек қамдану жөнінде тапсырма берді.

Қала ішіндегі жолдар да тұрғындар тарапынан жиі сынға ұшырайтыны белгілі. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде су шайған Б.Әшімов көшесінің бойындағы №12 мектептің жанындағы көпір жолының қазіргі күйі мәз емес. Бұл аумаққа да атбасын бұрған облыс әкіміне «Бука» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі көпірді бұзып, қайта салу жұмыстары туралы түсіндірді. Жобалық-сметалық құжаттамаға бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде түзетулер енгізілуде. Жобаның сараптамалық қорытындысы ағымдағы жылдың шілде айының соңына таман шығады. Жалпы, жобаны іске асыруға 770 миллион теңге қаржы қажет екен. Сонымен, бұл көпір күзде бұзылып, қыста онда құрылысқа қажетті дайындықтар жүргізіліп, көктемде жұмысы қолға алынбақшы. Сондай-ақ облыс әкімі мердігерге бұл көпірдің астымен өтетін Қылшақты өзені жаз бойы суға толып тұратындай жағдай жасауды қарастыруды тапсырды. Аймақ басшысы қала аралау барысында Қылшақты өзенін тазарту жұмыстары қолға алынған Шалқар көшесінің аумағын да байқап көрді.

Облыс орталығындағы жұмыс сапарын қорытындылай келе, аймақ басшысы тиісті басқармалар мен мердігер компаниялардың басшыларына салынып жатқан әрбір әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы сапалы, әрі кестеге сай атқарылуын қатаң түрде қадағалауды тапсырды.