Облыста кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп ашқысы келетін азаматтарды қолдау, жобасын жүзеге асыруға дем беру, осының ықпалымен жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасауда «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 10 жылдың көлемінде үздіксіз қызмет атқарып келеді. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Өңірлік орталыққа жаңа міндет жүктеді. Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы салада өнімді өсіріп, өңдейтін кәсіпкерлердің бастамасын қолдауды, жалпы өңдеу саласына басымдық беруді тапсырды. Ол үшін арнайы пилоттық жоба әзірленіп, облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Осы жобада қандай кәсіп түрлеріне басымдық беріліп отыр? Қандай нәтиже күтеміз? «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының директоры Талғат Матаевпен аз-кем әңгімеде осы сауалдарға жауап іздеген едік.
– Талғат Мұстафаұлы, Өңірлік инвестициялық орталық биылдан жаңа пилоттық жобаны қолға алды. Мұндағы мақсаттың мәні неде?
– Өздеріңіз де жақсы білесіздер, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы – микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келеді. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы алдымызға жаңа міндет қойды. Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің желісін дамытуды жүктеп отыр. Атап айтқанда, өсіру, өңдеу, сақтау, өткізу жүйесін қалыптастыру көзделуде. Ол үшін осы жылы жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді.
– Қандай жобаларға басымдық беріледі?
– Қазір біз қаржыландыруда басымдық берілетін 8 бағытты анықтап алдық. Оның ішінде таза ет өнімдері, жартылай өнімдер, шұжық, қаптамалау, тері-жүн бағыты, т.б. Сүт өнімдерін өңдеу: таза сүт өнімдері, ыдыстағы айран, қатық, қымыз, шұбат, таза ысталған құрт, ірімшік, сүзбе, т.б. Ұн өнімдерін өңдеу және өндіру: кондитерлік, макарон, лапша, жайма, т.б. Көкөніс-бақша өнімдерін өңдеу: маринадтау, қайнатпалау, тұздау, мұздату, кептіру, т.б. Балық өсіру және өңдеу: жасанды тоғанда балық өсіру, консервілеу, жартылай өнімдер, ыстау, кептіру. Құс өнімдерін өңдеу: таза тауық еті өнімдері, жартылай өнімдер, шұжық түрлері, т.б. Бұл ретте ауылшаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы, сондай-ақ жылыжай кешендерін салу бағытында жұмыс жүргізіледі.
– Несие қандай мақсатқа, мерзімге және қанша пайызбен беріледі?
– Жалпы бір жобаға 73,8 млн теңгеге дейін алуға болады. Кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 6 пайызбен 5 жылға дейін беріледі. Өсіру, өндіру саласы болғандықтан жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Несие алған жағдайда кәсіпкер 18 ай немесе бір жарым жылға дейін жеңілдік кезеңін ала алады. Ал мақсаты жайлы айтар болсам, несие негізгі құралдарды және арнайы техникаларды алуға, өндірістік нысандардың құрылысын салуға немесе қайта жаңғыртуға беріледі.
– Жобаға қатысушыға қандай талап қоясыздар?
– Жалпы бұл пилоттық жобасы аясында шағын өндіріс зауыттары қалыптасқанын қалаймыз. Ол үшін жеңілдетілген несие алушыға жоғарыда айтылған бағыттар бойынша типтік шағын өндіріс зауыттарының жобасын да ұсынып отырмыз. Кәсіпкерге қоятын талабымыз бизнес-жоспары, жер телімі, сатып алғалы жатқан құрал-жабдығының ниет шарты мен техникалық паспорты болуы керек. Құрал-жабдық жаңа болуы керек. Сондай-ақ жобасына қажет қаржының 15 пайызын өзі салуы немесе мүлікпен дәлелдеуі қажет.
– Қандай нәтиже көзделеді?
– Жаңадан 40 өндіріс орны ашылып, кемі 160 жұмыс орны құрылады деген жоспарымыз бар. Ең басты нәтиже – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне, баға тұрақтылығына үлес қосу. Сол межеден көрінеміз деп үміттенеміз.
– «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы 10 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында қанша жоба қаржыландырылды?
– Дұрыс айтасыз, биыл Өңірлік орталықтың құрылғанына 10 жыл толды. 10 жылда Орталық жалпы құны 13,9 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2709 жобаны қаржыландырды. 2800-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Орталықтың кәсіпкерлік саласына қосқан негізгі үлесі – саладағы қалыптасқан қасаң түсінікті жойды. Бұрын кәсіпті ақшасы, жағдайы бар адамдар ғана аша алады деген түсінік болатын. Несие алуда қаржы институттары кепіл мүлікке ауылдық елді мекендердің жылжымайтын мүлкін қоймайтын. Өңірлік орталық ең шалғай деген елді мекендегі ғимарат, баспананы да кепіл мүлікке алды. Нәтижесінде ауыл азаматтары арзан несиеге қол жеткізіп, ауылдарда кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Кейін бұл бастамамызды өзге қаржы ұйымдары да қолдай бастады. Алдағы уақытта жаңа бастамалар жүзеге аса береді деп білемін.