Қостанайда тұңғыш «Жетіген сазы» байқауы өтті

0 9

Жетіген – қазақтың көне музыкалық аспабы. Көне ғасырдағы өзінің терең тарихы мен ерекше үнінің арқасында қазақ халқының музыкалық мәдениетінде маңызды орын алып келе жатыр.

“Білуімше, бұл аспап ХІХ ғасырдың ортасына дейін сақталған екен. Одан кейін қолданыстан жойылып кеткен. Еліміз тәуелсіздік алған тұста этнографтардың айтуымен жетілдірілген түрі қайта жасалып, пайданыла бастады. Федоров ауданында 2020 жылы халық жетіген үнін алғаш естіді. Аудан әкімінің қолдауымен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның аға оқытушысы Нұргүл Жақыпбектен үш ұстазымыз тәлім алды”, – дейді Федоров аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Данияр Сәрсенбетов.

Бұл тарихи оқиға облыста жетіген аспабының қалыптасуына түрткі болған еді. Сол көне аспаптың өңірге келуіне үлес қосып, көне аспаптың елге қайта оралуына мұрындық болған тұлғадан тәлім алып келген үш маманның бірі осы байқудың бас жүлдегері атанып отырған Фариза Жоламанова болатын.

“Өзім Торғайдың тумасымын. Өнерге деген қызығушылығым бала кезден домбырадан басталды. Кейін келе Қарақат Әбілдинаның жетігенмен орындаған әндерін теледидардан көріп, көне аспаптың тілін түсінуге құштарлығым артты. Бір күні Аманкелдіде жүрген жерімнен аудан әкімі Тәуба Қайыржанұлының шақыруымен осында қызметке орналастым. Қабылдауына барып, жетігенге оқуға жіберуін сұрадым. Жарты жыл өтпей жаныма екі қызды қосып, оқуға жіберді”, – дейді Фариза Жоламанова.

Содан ол жақта екі жеті білім алады. Сол уақытта карантин басталып, онлайн форматта дәрісін жалғастырды. “Өнеріміз саған, Қазақстан” атты облыстық көркемөнерпаздар байқауында осы аспаптың сүйемелдеуімен тұңғыш шығармалар орындалды. Содан бері елдің қошеметіне бөленіп келеді. Қазір шәкірттері облыстың барлық аудандарында шоғырлануда.

“Бұл байқау киелі өнерімізді жас ұрпаққа жеткізудің бірегей мүмкіндігі. Енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізетін боламыз. Бүгінде осы жетіген аспабын жиырмадан астам бала үйреніп жатыр. Өнерпаздар халқымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеу мақсатында “Жаркөл” ұлт аспаптар оркестрі арқылы өзге де аспаптарды насихаттап келе жатыр”, – деді аудан әкімі Тәуба Исабаев ұлттық өнер байқауына қатысушыларды құттықтауында.

Облыста алғаш ұйымдастырылған жетігеншілер байқауына арнайы келген “Жетіген” кәсіби мектебінің негізін қалаушы.Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жақыпбек бас қазы болды.

“Жетігенді орындаушының қолынан шыққан әрбір әуен, халықтың бай тарихынан сыр шертеді, өткен мен болашақтың арасындағы алтын көпір іспеттес. Оның әрбір үні халқымыздың жүрек тебірентерлік мұңын да, қуанышын да жеткізе алады. Сол тұрғыдан алғанда талантты өнерпаздар жетігеннің сырлы сазын төгіп, ұлттық рухани құндылықтарымызды дәріптей алды”, – деген Нұргүл Жақыпбек ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Жарыс қорытындысында Меңдіқара ауданынан келген Гүлжан Нұрмұхамбетова бірінші орын алды. Сарыкөл ауданының өкілі Рысжан Біржанқызы мен Алтынсарин ауданының өнерпазы Алтынай Төлеген өзара екінші, үшінші орындарды бөлісті.

Федоров ауданынан қатысқан Динара Мырзахметова байқауды ұйымдастырған облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының арнайы сыйлығына ие болды.