Қостанай өңірінің диқандары күн райының қолайлы жылдары осы мезгілде астығының жартысынан көбін жинап алатын. Өкінішке қарай, биыл күздің басы тағы да жауын-шашынды болып, алқапқа техника шығару қиынға соқты. Абырой болғанда, кейінгі апта ауа райы оң қабақ танытып тұр.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінге дейін дәнді дақылдың 45 пайызға жуығы жиналған. «2,5 млн тоннадан аса бидай қамбаға түсті. Орташа түсім гектарына 12,9 центнерден келеді. Майлы дақылдардың 30 пайызы жиналып алынды», дейді басқарманың бас маманы Кенжеғозы Жұмандықов.
Дегенмен ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіріп, күзгі науқанға бел шешіп кірісіп кете алмай отырған шаруашылықтар да бар. Мысалы, Жітіқара ауданына қарасты Тоқтаров елді мекеніндегі «Львовский колос» серіктестігі 28 мың гектар жерге дән егеді. Бұл шаруашылық алқаптағы өнімнің 20 пайызын ғана жинап үлгерген. Серіктестік басшысы науқан жұмысының қарқын алуына ауа райы кедергі болып жатқанын айтады. Мәселен, шаруашылықтың Жітіқараға жақын жатқан алқабында жұмыс тоқырап тұрғанына бес күн болған.
«Биылғы орақ науқаны өте ауыр жүріп жатыр. Өйткені астықтың дені әлі пісіп үлгерген жоқ. Дән құрамындағы ылғалдың мөлшері – 25–18 пайыз. Біз қазір ылғал мөлшері 18 пайызға дейін түскен алқаптарға ғана орақ салып жатырмыз. Ал 20 пайыз ылғал көрсетіп тұрған алқаптарға әлі кірген жоқпыз. Бидайдың сапасына келсек, қамырлылығы – 23-24 пайыз, натурасы – 780–800 г/л, яғни сапасы мәз емес. Негізінен қатардағы үшінші сұрыпты өнім алып жатырмыз. Бидайдың бағасы да көңіл көншітпей тұр. Қазір Ресей шекарасы жабық. Бірақ жергілікті диірмендердің бәрі сырттың бидайын оған дейін тасып, қоймасын толтырып алды. Шілде айында олар 2–3 айға жетерлік қор жинап алды. Меніңше, қараша айына дейін сол Ресей бидайын тартып, ұн қылады. Қостанай диірмендері дәл қазір біздің бидайға аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Олар қазақ бидайына өте төмен баға белгілеп отыр. Үшінші сұрыпқа әрі кеткенде 80 мың теңге, төртінші сұрыпқа 60 мың теңге береді. Ал 1 тонна бидайдың өзіндік құны – 95 мың теңге. Биыл тағы да өте қиын жағдайға тап болып отырғанымызды осыдан-ақ аңғаруыңызға болады», дейді серіктестік басшысы Андрей Двуреченский.
Шаруаның айтуынша, былтыр шектен тыс қымбаттап кеткен бидай тасымалының құны биыл тағы өскен. Қазір 1 тонна бидайды бір шақырым жерге жеткізу 40–50 теңге тұрады. Оған шаруаның қалтасына шығатын жанармай құнын қосыңыз. «Мысалы, 1 тонна бидайды 200 шақырым қашықтықтағы диірменге жеткізу үшін 8–9 мың теңге шығарамыз. Яғни 20 тонна бидай алатын тіркемесі бар бір жүк көлігіне 180 мың теңге төлеуге тура келеді. Қысқасы, жағдай ауыр», дейді Александр.
Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылының маңына егін егетін Бауыржан Барсақбаев басқаратын шаруашылық көлемі екі жарым мың гектар болатын дән алқабының 60 пайызын жинап алған. «Өткен жылмен салыстырсақ, биыл ауа райы қолайлы. Былтыр күзде жаңбыр тоқтаусыз жауып тұрып алды да, алқапқа мүлдем кіре алмай қалғанбыз. Қазір күн райы жақсы. Жұмыс ақырындап болса да жүріп жатыр. Биылғы бидайдың сапасы да былтырғыдан жақсы, ең бастысы өніп кеткен жоқ. Бірақ солтүстік өңірлерде бидайдың қамырлылығы өте төмен. 18–20 пайыз ғана. Бұл – төртінші сұрыпқа жататын бидай. Биыл бидайдың бағасы да арзан. Бағаның түсіп жатқанына, міне, төртінші жыл. Ал егін егуге қажет басқа дүниенің құны, керісінше, өсіп жатыр. Қазір арпаны 48 теңгеден, сұлыны 40–42 теңгеден қабылдайды. 35 теңгеден сатып жатқандар да бар. Шыққан шығынымызды өтемейді. Бірақ мәжбүр болған соң сатып жатқандар көп. Өңірде егін шаруашылығы аяққа тұрып кете алмай тұр. Өйткені бидай арзан, шығын жыл санап өсіп барады. Меніңше, ауылшаруашылығы көтеріп жүруге ауыр, бірақ тастап кетуге көз қимайтын ескі чемодан сияқты. Шығын шашетектен, табыс төмен. Егер алқаптың әр гектары 20 центнерден жоғары түсім берсе, онда жағдай оңалар еді. Ал біздің өңірдегі Амангелді, Науырзым, Жітіқара, Қамысты аудандары мен Бейімбет Майлин ауданының бірсыпыра шаруашылықтары гектарына орташа есеппен 7,8, 10 центнерден өнім алып жатыр. Аталған өңірлердің топырағы ең қолайлы жылдың өзінде 15 центнерден ғана өнім береді. Одан әріге құнары жетпейді», дейді Байыржан Барсақбаев.
Шаруашылық биыл көбіне бидай, одан қалды арпа, 250 гектарға жасымық еккен. «Келесі жылы жасымықты көбейтеміз. Бірақ бұл дақылды орудың өз қиындығы бар. Өйткені дәні тез түсіп қалады. Сондықтен пісе салысымен бір күннің ішінде жинап алу керек. Бізде ол мүмкін емес. Сондықтан шығынсыз болмайды. Жасымықтың қазіргі нарықтағы бағасы да жақсы, бір тоннасына қазір 170–200 мың теңге береді. Сондықтан келесі жылы осы дақылды көбейткелі отырмыз», дейді диқан.
Науырзым ауданында 2 мың гектарға егін еккен «Богдан» шаруа қожалығы ауа райы мүмкіндік берсе, алдағы бір аптаның көлемінде күзгі жиын-терім жұмыстарын аяқтап қалады. «Биыл науқанды мерзімінде бастаймыз деп жоспарлап едік. Оған жауын-шашын мүмкіндік бермеді. Тамыздың он бесінен бастадық. Гектарына 3–12 центнер өнім беріп жатыр. Сапасы да әртүрлі. Негізінен 4, 5-сұрыпты бидай. Жерге шық түсіп жұмысқа кедергі жасап тұр. Шық басып тұрғанда комбайн қақалып, астықты дұрыс ора алмай қалады, оның үстіне, ылғал масақтағы дәннің тегіс үгітілуіне де кедергі жасайды. Осылайша, шығын еселене түседі. Сондықтан алқапқа түске таман шығамыз да, қас қарайғанша жұмыс істейміз. Биыл жазда бидайдағы септориоз, тат ауруының кесірінен көп шығындалдық. Алқапты бірнеше рет өңдеуден өткізуге тура келді», дейді шаруа қожалығының басшысы Дмитрий Исаев.
Дегенмен алқаптағы астығын шашаусыз жинап алған шағын шаруа қожалықтары да жоқ емес. Мысалы, Мереке Исмағұлов Меңдіқара ауданы Первомай ауылдық округіне қарасты Иванов ауылында бордақылау алаңын ұстайды. Бүгінде 182 бас бордақысы бар. Одан қалды 800 қой, 114 сиыр ұстайды. 350 гектар бидай, арпа, 80 гектарға бір маусымда екі рет шабылатын, біржылдық судан шөбін еккен. Шағын шаруашылық биыл гектарына 15–20 центнерден өнім алды.
«Биыл жаңбыр жиі болып, арамшөп көбейіп кетті де, алқапты үш рет өңдедік. Бірінші өңдеуден кейін екі аптадан соң қайта арамшөп басып кетті. Оны қайта уладық. Тамыздың ортасында тағы бір өңдеп шығуға тура келді, өйткені өңдемесек, бидайымыздың ішінде неше түрлі қоқым көбейіп кететін болды. Ылғал мол болғандықтан, бидай сабағын тот басып, неше түрлі ауру шықты. Біздің жерлер құмайт қой. Мұнда әдетте үшінші сұрыпты бидай өседі. Бірақ биыл жаңбыр көп жауды да, төртінші, бесінші сұрып алдық. Қазір үшінші сұрыптың бағасы тоннасына – 75–85, төртінші – 65, бесінші сұрып 50 мың теңге. Бізден коммерсанттар келіп әкетеді. Қалаға қоңырау шалып, диірмендерден сұрап тұрамыз. Олар да дұрыс баға беріп жатқан жоқ. Сондықтан дәл қазір бізге орақтың басынан тиеп алып кетіп жатқандардың бағасы тиімді. Егіннің шығымы да әрқалай, мысалы, біздің бонитеті жақсы жерлеріміз биыл шамалы ғана берді, өйткені ылғал көп болып кетті де, дұрыс піспей қалды. Шілденің аяғында толассыз жаңбыр жауды да, күннің қызуы жетіспеді. Ал, құмайт жерде өскен бидай өткен жылға қарағанда жақсы өнім берді. Мемлекет те барынша қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы, биыл жаз жауын-шашынды болған соң, қазір жаңа бағдарламамен жеңілдетілген бағада астық кептіретін құрылғы беріп жатыр. Жанармайды да арзан бағамен алдық», дейді Мереке Исмағұлов.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл ауылшаруашылығы құрылымдары мемлекеттен арзан бағамен 83 мың тонна жанармай алған. Мұның сыртында астық кептіргіш құрылғылар үшін 11100 тонна жеңілдетілген жанармай бөлініп отыр.