Қазақстанда Кепілдік қоры құрылады

0 5

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Үкімет отырысында экономиканы, бірінші кезекте ірі инвестициялық жобаларды несиелендіруді жандандыру мақсатында холдинг жанынан ірі бизнес үшін кепілдік қорын құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қор екінші деңгейлі банктердің экономикаға несие беру, және жеке және мемлекеттік қатысушылар үшін қаржыландырудың тартымдылығын арттыру құралы ретінде қызмет ететін болады. Бұл орайда мемлекет ірі жобаларды несиелендіруге байланысты қаржылық тәуекелдердің бір бөлігін өзіне алады. Бұл қаржыландыруға қол жеткізу мен шарттарын жақсартуға мүмкіндік береді, түпкі есепте экономика үшін маңызды бастамаларды дамытуға ықпал етеді.

Кепілдік қорындағы қаражат 7 миллиард теңгеден басталатын жобаларды қолдауға бағытталады.

«Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларды жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады. Жоба бастамашысы жоба құнының кемінде 20 пайызы мөлшерінде өзінің қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Жоба құнының қалған 80 пайызы екінші деңгейлі банктердің және «Қазақстан Даму» банкінің несиесі есебінен қаржыландырылады. Бұл ретте, Холдинг кредиторлар үшін қаржыландыру сомасының 30 пайызына дейін кепілдік береді», — деп атап өтті Рустам Қарағойшин.