Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританиядағы ғылыми-зерттеу экспедициясы аясында Лондон, Оксфорд және Манчестер қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге, ғылыми орталықтарда болып, еліміздің тарихына қатысты 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алды.
Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.
Тағы бір маңызды қолжазба – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. «Китәб мақалаат әр – Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа» (Табиғат ғылымының негіздері жайлы жоғары мақалалар кітабы) кітабында Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары туралы мәліметтер бар. Еуропалық зерттеуші ғалым Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазба әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен.
Қазақстандық мамандарды Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің «Зейн әл-ахбар» еңбегі де қызықтырды. 1049-1053 жылдар аралығында жазылған еңбекте 1032 жылға (исламға) дейінгі парсы патшаларының, Мұхаммед пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған. Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.Бартольд «Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан» және «1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп» еңбегінде қолданған.
Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.