Жетісу облысында қант өндірісін кеңейту, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және суармалы жерлердің әлеуетін толық пайдалану бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде екі қант зауытын жаңғырту нәтижесінде олардың жалпы өндірістік қуаттылығын жылына 950 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.
Жоспарға сәйкес, Ақсу қант зауытының қуаттылығы 450 мың тоннаға, ал Көксу зауытының көрсеткіші 500 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Кәсіпорындарды жаңғыртуға 54 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталмақ. Биыл қант қызылшасы мен қант қамысынан шамамен 101 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр. Бұл бастамалар өңірдің азық-түлік өндірісін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2026–2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде құны 299 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жыл басынан бері жалпы құны 2,7 млрд теңге болатын екі жоба – «Архарлы Майбүйрек» және «Агрохолдинг Жетісу» кәсіпорындарының жобалары іске қосылды. Сонымен қатар Көксу ауданында жылына 15 мың тонна құс етін өндіретін «Белес-Агро» құс фермасының құрылысы басталмақ.
Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін су ресурстарын тиімді пайдалану да маңызды. Осы бағытта биыл облыста жалпы құны 47 млрд теңге болатын тоғыз ирригациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға қосылып, 34,3 мың гектар алқапты сумен қамтамасыз ету жақсарды. Қазіргі уақытта өңірде су үнемдеу технологиялары 45,5 мың гектар жерге енгізілген.
Ақсу ауданында Ислам Даму банкінің қаржыландыруымен суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба жыл соңына дейін аяқталып, 11,5 мың гектар алқапты сумен қамту жағдайын жақсартуға тиіс. Бұған қоса, республикалық бюджет есебінен салынып жатқан Қызылағаш суару массивіндегі құрылыс жұмыстары 98 пайызға орындалған. Нысанды биыл толық аяқтау көзделген.
Тұрғындармен кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзге де мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, кәсіпкерлікті дамыту, жолдарды жөндеу, елді мекендерді ауызсумен және газбен қамту, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу жайы талқыланды.
Кездесу қорытындысында Бейбіт Исабаев соңғы екі жылда Ақсу ауданының дамуында оң өзгерістер бар екенін атап өтіп, бұл жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Өңір басшысы жергілікті биліктің негізгі міндеті халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және экономикалық өсімнің нақты нәтижесін тұрғындар игілігіне бағыттау екенін жеткізді.
Сапар аясында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады.