Қайсар ұрпақ – елдің қорғаны

0 2

Алдымызда қос мереке. Оның бірі – 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушы күні болса, келесісі – 9 мамыр – Жеңіс күні. Халқымыз үшін қос мерекенің де орны бөлек.

Жеңіс күні неміс басқыншыларына күресте аяусыз тойтарыс берілген күн ретінде дүниежүзі тарихында алтын әріппен жазылып қалады. Бұл айтулы оқиғаға жамбылдықтар да қомақты үлес қосты. Жамбыл жерінен майданға аттанған 120 мың жауынгердің әрқайсысы өздерінен кейінгі ұрпақ үшін батырлықтың өшпес өнегесін қалдыра білді. Олардың көпшілігі туған жерінен жырақта жер құшты. «Барлығы да майдан үшін, барлығы да Жеңіс үшін!» деп ұран көтеріп, буыны бекімей тылда еңбек етуге тартылған балалардың, нар көтерер жүкті қайсарлықпен көтере білген аналардың да ерен ерлігі ел жадында.

Өкініштісі, отты майданды көзбен көрген Жеңіс солдаттарының саны тіптен азайып кеткені. Ардагерлерге құрмет көрсету, олардың ерлік жолдарын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету біздің парызымыз.

Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күнінің қатар тойлануы тарихи сабақтастықты білдіреді. Ел шетіне жау тигенде өрліктің нағыз үлгісін көрсете білген даңқты майдангерлердің ерен ерлігі олардың ізін басқан Отан қорғаушыларға үлгі болуы керек. Ел қорғаны болған ер-азаматтарға арналған бұл мереке – мемлекеттің берік қорғанысы мен тәуелсіздігінің нышаны. Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Осы ретте Сарысу ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 34 жылдығына орай «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» тақырыбында 5–8 сынып оқушылары арасында сапта жүріп, ән айту байқауы өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың патриоттық сезімін арттыру, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, әскери тәртіп пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу болды. Байқау барысында қатысушылар саптық жүріс элементтерін және әскери-патриоттық әндерді нақышына келтіре орындады.

Оқушылар өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Қазылар алқасы қатысушылардың саптық дайындығына, ән орындау шеберлігіне және сыртқы әскери киім үлгілеріне ерекше мән берді.

Байқау қорытындысы бойынша үздік сыныптар анықталып, марапатталды. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мақсатына жетті.