Целиноград ауданында аквамәдениетті дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. «Poseydon» ЖШС балықтың тұқы және албырт тұқымдас түрлеріне арналған экструдталған жем өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Құны 7 млрд теңгеден асатын кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу көзделген.
Жаңа өндіріс орны жылына 25 мың тоннаға дейін балық жемін шығаруға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 75 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдегі балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттырып, отандық жем нарығын дамытуға серпін бермек.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов кәсіпорынға барып, инвестициялық жобаның жоспарларымен танысты. Кездесу барысында өндірісті іске асыру кезеңдері, саланы дамыту мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Өңір басшылығы жобаны жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетіп, инвесторға тиісті рәсімдерден өту кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдірді.
«Poseydon» ЖШС балық өсірумен қатар, өнімді өңдеу бағытында да жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынның аумағы 10 гектарды құрайтын аквафермасында кемпірқосақ бақтағы өсіріледі. Қазіргі таңда шаруашылық жылына 70 тоннаға дейін тауарлық балық өндіруге қауқарлы.
Компания бас директоры Ербол Сүлеймановтың айтуынша, өз өндірісінде балық жемін шығару шаруашылықтардың мүмкіндігін кеңейтіп, балық өсіру көлемін ұлғайтуға жол ашады. Кәсіпорын сонымен бірге басқа шаруашылықтарға шабақ пен жем жеткізуге, тәжірибе алмасуға және сала мамандарын оқытуға дайын.
Жобаның басты бағыттарының бірі – балық өсіру саласының импорттық жемге тәуелділігін төмендету. Жергілікті өндірістің жолға қойылуы жем жеткізу тұрақтылығын жақсартып, балық өсірушілердің өндірістік шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік беруі мүмкін.
Кәсіпорында суды айналымда пайдаланатын заманауи технология қолданылады. Соның арқасында балықты жыл бойы өсіруге жағдай жасалған. Өндірісте пайдаланылған судың 95 пайызына дейін көпсатылы тазартудан өтіп, қайта айналымға жіберіледі. Бұл су ресурстарын үнемдеуге бағытталған тиімді тәсілдердің бірі.
Шаруашылықта бақтақ өсірумен қатар, дайын өнім өндіру де жолға қойылған. Мұнда порциялық балық, стейктер, тұздалған және ысталған өнімдер әзірленеді. Өнімдер Астана қаласындағы мейрамханалар мен ірі сауда желілеріне, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлеріне жеткізіледі.
Жоспарланған жем зауытының іске қосылуы Ақмола облысында аквамәдениеттің толық өндірістік тізбегін қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін. Бұл балық өсіру, жем өндіру және дайын өнімді өткізу бағыттарын өзара байланыстырып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін әртараптандыруға мүмкіндік береді.