Петропавл және Сергеев су торабының жағдайын тексерді

0 3

Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы бағдарлама шеңберінде коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандарының, сондай-ақ бірқатар жеңіл және өңдеу өнеркәсібінің, атап айтқанда, ауылшаруашылығы машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысатын болады. 

Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі.

Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының ағымдағы жағдайын тексерді. Қазіргі уақытта ол қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режиміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді. Сонымен қатар Олжас Бектенов өткен жылдың сәуір айында шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасының жағдайына назар аударды. «Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары – республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82%-ды құрайды. Бұл жерлерде саяжай учаскелерін ерекше назарда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті Премьер-Министр.

«Қазсушар» РМК СҚОФ директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, осы кезеңде Сергеев және Петропавл су тораптары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда, автожолдағы көпірлердің жекелеген конструкциялары апатты жағдайда. Осыған байланысты өзге баламалы жолдар арқылы көлік ағынын қайта бағыттау мәселелері қарастырылуда. Жалпы, өңірде су тасқынына бейім 87 елді мекен есепке алынды. 24 қаңтардан бастап облыс күшейтілген дайындық режиміне ауыстырылды, 26 наурыздан бастап Жедел штаб жұмылдырылды.

Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды. «Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірлерінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны орын алды. Барлық күштер жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары — барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуациялануда. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге Үкімет және әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», деп атап өтті Олжас Бектенов.

СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.