Қазір мемлекет тарапынан кәсіп бастаушыға көрсетілер көмектің түрі көп. Қайтарымсыз грант жобаны жетілдірсе, кәсіпке ынталы жандардың шаруасын дөңгелентуге жеңілдетілген несиелер де қарастырылған. Осы жобалар арқылы қаншама адам кәсіпкер атанды. Солардың бірі – қызылордалық Жазира Рамазан.
Ол тігіншілік саласында 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқы кезде түрлі тастан қыздарға арналған әшекей бұйымдар жасаған. Кейін тігінді қолға алып, үйінің бір бөлмесін жұмыс орнына айналдырды. Тапсырыс көбейген соң, жолдасы қолдау білдірді. Қала орталығынан тігін шеберханасын ашып берді, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Осылайша «Qoloner brend by Zhazira Ramazan» брендін қалыптастырып, түрлі дизайндағы қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін тігуде. Ұлттық құндылығымызды дәріптеуді қолға алған оның идеялары мықты. «Күнделікті киетін киіміміз арқылы ұлттық болмысымызды айшықтауға болады» деген ұстанымда. Осы мақсатта үлкен-кішіге арналған қазақы шапан, бөрік, көздің жауын алатын сәукеле мен көйлек тігеді.
– Қазір ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс жоғары. Тек заман талабына сай етіп тігу керек. Сапасы жоғары болуы тиіс. Бұрын Наурыз мерекесінде ғана шапан, көйлек іздейтін. Бүгінде күнделікті киюге арналған үлгілеріне тапсырыс көп. Жақында ғана 30 балаға шапан тіктім. Матасы жақсы, терлетпейді, қалың әрі сырмалы. Өте ыңғайлы. Тапсырыстың көбіне үлгермей де жатырмыз. Тігін цехы үш бөлмелі. Бір бөлмесіне тек арнайы техникаларды орналастырдым. Енді қиюға арналған құрылғы сатып алмақпын. Оған қоса тігін машинасының да санын көбейту керек болып тұр, – дейді ол.
Кәсібін дамыту үшін «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алды. Қаржыға кәсібіне керекті құрал-жабдығын, соңғы үлгідегі тігін машинасын әкелді. Осылайша жұмысы жеңілдеді, мемлекеттік қолдаудың игілігін көрді.
– Жұмыс істеймін дегенге мүмкіндік мол. Қолдау бар жерде жетістікке жетуге болады. Тек ынта мен ниет болса болғаны. Интернеттің де мүмкіндігі көп. Тапсырысты да әлеуметтік желіден қабылдаймын. Керекті мата, түйме сынды бұйымдарды да желі арқылы тапсырыс беремін. Ал қойдың жүнін жергілікті шеберлерден алдырамын. Оны түтетін арнайы цех болмағандықтан жинап, жаз мезгілінде өзім дайындауды қолға алмақпын. Қой жүнінен балалар мен үлкендерге арналған көрпе, жастық тігемін, – дейді шебер.
Тігіншінің алдына қойған жоспары көп. Этностильдегі киімнен бөлек, шүберек сөмке, ою-өрнектермен көмкерілген жастықтың да түр-түрін тігеді. Сонымен қатар ұлттық киімді фотосессия жасауға және мерекелік іс-шараларға киюге жалға береді.
Алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, қауіпсіз жұмсақ ойыншақтар тігуді қолға алмақ. Ол үшін тағы да мемлекеттік грантқа қатысу жоспарында бар. Қажетті құжаттарын дайындап, өткізіп қойды. Тек нәтижесін күтуде. Әрине, қолдау тапқаны игі.