Өңірдегі алғашқы заманауи сүт фермасы

0 5

Меңдіқара ауданына қарасты Степанов ауылындағы 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасында қауырт еңбек. Мұнда қазір 348 сауын сиыр бар. Бір сиыр орта есеппен 28 литр сүт береді. Күніне 8 тонна сүт алынады.

“Өңірде өткен жылы жалпы құны 10 миллиард теңгеден асатын үш бірдей ферма іске қосылған. Биыл тағы үш ферма ашылады. Мұндай ірі фермалар сүт өңдеп, өнім шығарып, оны ішкі-сыртқы нарыққа шығарып жатқан ірі кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп отырады. Өңдеу саласына тың серпін әкелген жоба аясында биыл Алтынсарин, Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық, Қостанай, Сарыкөл, Бейімбет Майлин аудандары мен Арқалық қаласында 10 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталады”, –дейді бұл туралы Меңдіқара ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құрылысына 6 миллиард 700 миллион теңге жұмсалған ферма шведтің «DeLaval» компаниясының заманауи сауын қондырғысы негізінде сүт өндіреді. Бәрі де автоматтандырылған. Ортасында Еуропадан әкелінген сауынға қажетті карусель қойылған. Мұнда бір мезгілде 40 сиыр сияды.

Даниядан әкелінген 400 сиырдың дені бұзаулапты. Осыдан алты ай бұрын әкелінген  голштин сиырлары әлемдегі ең жоғары сапалы, өнім көп беретін тұқымның бірі саналады. Мал жергілікті ауа райына бейімделген. Бұл сиыр – бірінші әкелінген лек. Әр сиыр 3-4 жылға дейін сүт береді. Бұл ірі қараның жай сиырдан ерекшелігі, жануар ірі әрі биік.

Ферма басшылары асыл тұқымның бірінші төлін  облыстағы өзге шаруашылықтарға сатуды жоспарлап отыр.