Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы экономиканың маңызды салаларының біріне айналып, өндірістік әлеуетін біртіндеп арттырып келеді. Өңір диқандары егістік алқаптарын тиімді пайдалануға, мал басын көбейтуге және заманауи техникаларды шаруашылық жұмысына енгізуге ден қойған. Нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешендегі көрсеткіштер де жақсарып келеді. Биылғы 10 айда облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны 445 миллиард теңгеге жеткен. Соңғы үш жылдағы өсім 21 пайыздан асқан.
Бұл жетістікте мал шаруашылығының үлесі басым. Өңірде ет пен сүт өндірісін арттыруға, сондай-ақ құс шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жергілікті шаруашылықтар 79,4 мың тонна ет өндіріп, 192,5 мың тонна сүт сауған. Бұған қоса, 535 миллионнан астам жұмыртқа алынған. Мүйізді ірі қара мен жылқы санының артуы да саладағы оң өзгерістердің бірі саналады.
Мал басын көбейтумен қатар, оны жыл он екі ай азықпен қамтамасыз ету мәселесі де маңызды. Осыған байланысты шаруалар жемшөп дайындау жұмыстарына ерекше мән беріп отыр. Биыл жемшөп дақылдары егілген жер көлемі шамамен 20 пайызға ұлғайып, 206 мың гектардан асқан. Бұл көрсеткіш мал азығының қорын нығайтып, шаруашылықтардың қысқы кезеңдегі тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Егістік алқаптарында да жаңа тәсілдер қолға алынған. Аграрийлер нарық сұранысын ескеріп, дақыл түрлерін көбейтуге және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға көшуде. Соның нәтижесінде майлы дақылдар егілетін аумақ бір жылда 35,6 мың гектарға кеңейген. Мұндай әртараптандыру шаруаларға өнім өткізу мүмкіндігін арттырып, аграрлық өндірістің тәуекелдерін азайтуға жол ашады.
Биылғы орақ науқанының қорытындысы да көңіл көншітерлік. Қарағанды диқандары 421 мың тоннадан астам картоп жинады. Көкөніс көлемі 70 мың тоннадан асып, майлы дақылдардан алынған өнім 71 мың тоннадан жоғары болды. Бұл – өңірдің азық-түлік қорын толықтыруға қосылған елеулі үлес.
Өнім көлемінің артуымен бірге оны сақтайтын инфрақұрылымды дамыту да өзекті. Қазір облыстағы астық қоймалары 1,44 миллион тонна өнімді сақтауға мүмкіндік береді. Ал картоп пен көкөніске арналған қоймалардың жалпы сыйымдылығы 358 мың тоннаға жуық. Мұндай қуат жиналған өнімді сақтап, оны нарыққа қажетті уақытта жеткізуге жағдай жасайды.
Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, саладағы жұмыстар өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Техникалық базаны жаңарту, жемшөп қорын молайту, жаңа егістік алқаптарын игеру және инвестициялық жобаларды қолдау да негізгі басымдықтардың қатарында.
Шаруашылықтардың қаржылық мүмкіндігін кеңейту үшін мемлекеттік қолдау тетіктері де пайдаланылуда. «Кең Дала» және «Кең Дала – 2» бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 15,9 миллиард теңге бағытталған. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ ұсынатын жеңілдетілген қаржыландыру есебінен шаруалар мыңнан астам техника сатып алған. Бұл егіс және жинау науқандарын уақытылы өткізуге, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Инвестициялық бағыттағы жұмыстар да қарқын алған. Қазіргі уақытта облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 51,5 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге асырылуда. Олардың толық іске қосылуы нәтижесінде 383 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде құны 12,9 миллиард теңге болатын 12 жоба іске қосылып үлгерген. Бұл кәсіпорындарда 177 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Алдағы кезеңде облыс аграрийлері өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтып, мал шаруашылығын нығайтуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға күш салмақ. Жыл қорытындысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құнын 559,6 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Қарағанды облысындағы аграрлық сектордың бүгінгі қарқыны ауыл шаруашылығының тек дәстүрлі кәсіп емес, жаңа технология мен инвестицияға сүйенген маңызды экономикалық салаға айналып келе жатқанын көрсетеді. Өндіріс көлемінің өсуі, техниканың жаңаруы мен шаруашылықтардың кеңеюі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл экономикасының дамуына тың серпін бермек.